КІТАП ОҚЫП, КӨП ЖЕҢІЛДІККЕ ИЕ БОЛ

«Артық білім – кітапта». Адам санасына сәуле шашатын кітаптың берер құндылығы көп-ақ. Бұған ешкім талас тудырмаса да, кітап оқуға деген құштарлығын оята алмай жүргендер жетерлік. Оларға қолдау білдіріп, тұрақты оқырмандар санатына қосу үшін Шымкентте бірегей жоба қолға алынды. Ол жоба «Кітап оқудына тыйылма» деп аталады.

Бұл жоба Шымкент қаласы тұрғындарының кітап оқуға деген құштарлығын арттыру және заманауи талаптарға сәйкес жұмысы жаңашыл форматқа өзгертілген жергілікті кітапханаларға оқырмандардың қызығушылығын жоғарылату мақсатында қолға алынды. Жоба аясында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының бастамасымен бірқатар қызмет көрсету орындарымен кітапхананың тұрақты оқырмандарына ерекше жеңілдіктер берілуі жайында келісім түзілген. Мысалы, KINOPARK кинотеатрында билетті 15 пайыздық жеңілдікпен алу, театр қойылымдарына тегін билеттер алу, URBO кофеханасынан кофені 20 пайыз жеңілдікпен алу және т.б.
Жоба аясында алғаш қадам ретінде Шымкент қаласының бірнеше аялдамасында және сауда ойын-сауық орындарында еріктілер тарапынан “White card” оқырман билеті таратылды. “White card” ерекше оқырман билеттерінің алғаш сатысы болып табылады. Кітапханада тіркелген азаматтарға оқылған кітап саны және олар бойынша жазылған ой-пікіріне сәйкес “Blue card”, “Silver card”, “Gold card” және “Diamond card” оқырман билеттері ұсынылады. Кітап оқуда белсенділік таныту қарқынына қарай оқырмандарға демеушілер тарапынан берілетін жеңілдік көлемі мен сыйлық саны да артады.