ЕКІНШІ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚҚА ЕКПІН ТҮСІРІЛГЕН
Биыл елімізде үшінші рет ұлттық халық санағы өтеді. Осыған орай Қазақстанның барлық өңірлерінде дайындық жұмыстары қызу жүруде. Шымкентте ұлттық санақтың бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 1-30 маусым аралығында өткізілген болатын. Бірінші кезеңде арнайы тартылған мамандар қаланың барлық шағын аудандары мен тұрғын алаптарын аралап, тұрғын үйлердің, адам тұруы мүмкін ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасаған. Оған 29 нұсқаушы-бақылаушы және 198 интервьюер тартылған-тын.
Ал үстіміздегі жылдың 1-30 қазан аралығында өтетін санақтың екінші кезеңіне 186 нұсқаушы-бақылаушы және 1304 интервьюерлер қамтылатын болады.
Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мәлімдеді.
Өз кезегінде қала басшысы қорытындысы мемлекеттік даму бағдарламаларын әзірлеуге негіз болатын халық санағына тартылатын нұсқаушы-бақылаушы, интервьюерлер жоғары оқу орындарында, колледждерде білім алатын студенттер, мұғалімдер, әдіскерлер, үй және көше басқарушылары, ауыл билері екенін атап өтті.
Қала басшысы науқан барысында қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдай барынша ескерілетінін, соған сәйкес санақ персоналы өз міндеттерін атқару барысында санитарлық талаптарды ұстанатынын және коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайтынын жеткізді.
Бұдан бөлек Мұрат Дүйсенбекұлы қаланың ірі кәсіпорындарында, сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлер палатасы ғимаратында, халық көп шоғырланатын жерлерге 100-ге жуық санақтан онлайн өту бұрыштары дайындалғанын айтты.
Қалада санақ персоналы үшін 155 нұсқаушылық учаске белгіленген. Олар кеңселік құрал-жабдықтармен, жиһазбен, телефон байланысы және интернетпен қамтылған. Қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарға шығу үшін 14 автокөлік дайындалған.
Санақ науқанының мәні мен мазмұнын түсіндіруде қала көшелеріне тақырыптық 50 билборд пен 4 тартпа орнатылған. Қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерге барлығы 5 мың дана ақпараттық парақшалар орналастырылған. Телеарналар мен әлеуметтік желілерде 11 бейнероликтің көрсетілімдері ұйымдастырылуда.
Осы декектерді алға тартқан Мұрат Әйтенов Шымкент қаласы халық санағының екінші кезеңін өткізуге толық дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, халық санағы ел тұрғындарының демографиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдайын сипаттайтын нақты статистикалық деректер жинау үшін жасалады.