МҰРАҒАТТАҒЫ 5 МИЛЛИОН ҚҰЖАТ ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТҚА КӨШІРІЛЕДІ
Осы аптада Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының басшысы Ханзада Есенова қала басшысы Мұрат Әйтеновке атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Жиында басқарма басшысы алға қойған негізгі мақсат мұрағатта сақтауда тұрған парақтарды электронды форматқа көшіру екенін атап өтті.
Оның сөзінше «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында архивтерді электронды форматқа көшіру жұмысы қарқын алады. Соның аясында қалалық архивте сақтауда тұрған шамамен 5 миллион парақ цифрландырылады.
Бүгінде мемлекеттік сақтауда тұрған құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстарын жүргізу үшін архивте 2 дана планетарлық сканер орнатылған. Бір сканер күніне 400 бет өткізеді. Алдын ала жүргізілген саралауға сүйенсек, екі сканер жылына 193 600 парақты өткізеді екен. Дәл осы екі құрылғы арқылы 5 млн. құжатты цифрлау үшін бүтіндей 26 жыл қажет.
Дегенмен де, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы бұл межені 5 жыл ішінде аяқтауды көздеп отыр. Ол үшін қосымша 8 сканер сатып алынып, 8 штат бірлігі құрылады.