ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТУРАЛЫ БАРЛЫҚ МӘЛІМЕТТІ ЕКІ КҮНДЕ ЖИНАУҒА БОЛАДЫ

немесе халық санағын өткізу бос әурешілік пе?

Қазақстанда ағымдағы жылдың 1-қыркүйегі мен 30-қазан аралығында ұлттық санақ өтетіні белгілі. Оған қатысу онлайн түрде де, дәстүрлі әдіспен де жүзеге асады. «Қазақстанда әркім маңызды!» атты ұранмен өтетін санақты өткізу қаншалықты маңызды?

Жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков санаққа дайындық жұмыстарын пысықтау кезінде республикалық шараның маңыздылығын «Түптеп келгенде қаланың қаржыландырылуы мен алдағы даму бағыты да осы санақтың қорытындысына байланысты» деп түсіндірген еді. Шындап келгенде биліктің бишігін ұстаған біраз азаматтардың ойы осыған саяды. Алайда кейбір белсенділер осымен үшінші рет өткізілгелі отырған санақты өткізуге қатысты мүлдем басқа пікір айтуда. Соның бірі саясаттанушы әрі кәсіпкер Санжар Бокайев.
Ол санақ туралы сөзінің әлқиссасын оған бөлінген қаржының алдыңғы санақ үшін бөлінген қаржымен салыстырғанда тым көп екенін айтудан бастайды. Ары қарай өз сөзімен жеткізсек.
«Елімізде кезекті халық санағының басталуына бір ай уақыт қалды. Бұл жолғы санаққа бюджеттен 8,2 миллиард теңге жұмсалмақшы. Ал 2009 жылы халық санағына бар-жоғы 1 миллиард 144 миллион теңге бөлінгені бәрімізге белгілі. Тіпті сол кезде бөлінген қаржының 70 пайызы ұрланып, санаққа барлығы 379 миллион теңге жұмсалғанын да тергеу дәлелдеп берген еді. Енді бұл жолғы халық санағы неге жеті есеге қымбатқа түскелі отыр? Шындығында, қазақстандықтар туралы бар ақпарат ХҚКО, әділет министрлігі, мемлекеттік кірістер комитеті, ішкі істер министрлігі сияқты мемлекеттік органдардың базаларында баяғыдан сақталып тұр емес пе? Себебі барлығымыз мемлекеттік қызметтерге жүгінеміз. Ендеше халық санағы деп, мұндай ірі соманы бөлудің керегі не?» дей келе, сөзін былай деп сабақтай түседі «Үкімет мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің толық интеграциясы жүргізілді деп мақтанған еді. Расында да қазақстандықтар туралы барлық мәліметті екі-ақ маман бір апта ішінде жинақтай алады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына бөлінген 141 миллиард теңгеден ақшаның еш пайдасы болмағаны ма? Халықты санау деген оп-оңай жұмыстың шешімін таба алмаса, бізге цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі деген аты дардай министрліктің қажеті қанша?»,-деді.
Бұдан бөлек ол, санақ персоналдарының үйді-үйді аралап жүруі коронавирус ауруының таралуын өршітіп жібіруі мүмкін екенін айтып дабыл қағады. «Одан кейін соңғы күндері қанша адамның коронавирус жұқтырып жатқанын ескерсек, қолына анкета ұстап, үй-үйді аралайтын адамдардың ауру таратушы болуы мүмкін екенін білмей ме? Әй, бұларың не? Үй-үйді аралау деген сорақылықты дереу тоқтату керек! Солай-ақ, 5 миллиард теңгені үнемдей салсаңыздаршы! Анкетамен бір ай бойы үйлерді аралап жүрген уақыт ішінде тағы талай қазақстандық дүниеге келеді емес пе? Олардың бір айда жинаған дерегі толық емес болып тұрады. Ал ақпараттық жүйелерде біз қанша адамның туғанын онлайн режимде көре алар едік»,-дейді.
Өзінің видео арқылы жасаған үйдеуінде ол сөзін «онсыз да айдан анық нәрсеге миллиардтаған ақша шашайын деп отырмыз. Біз ешқашан оңай жолды іздемейміз» деп қорытады.
Шынында да, қазақстандықтар туралы толқы мәліметті екі-ақ күнде жинауға болады ма? Бұл рас болса, алда екі айға жалғасатын санақты жүргізу бос әуре бола ма?

А.САТЫБАЛДЫ.