Аудан басшысы ауыл ішін аралады
Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов Шолаққорған ауылының көшелерімен саябақты аралап жарықтандыру, көркейту, көгалдандыру жұмысымен танысты. Аудан орталығына кіре беріс қақпаның әрлеу жұмыстарын жасап, электр жарығын алмастыруды қажеттігін ескертті. Көшелердегі істен шыққан электр шамдарын жаңартуды тапсырды.
Ту тұғыры алаңында болып, ондағы тал көшеттерін ауыстырып, көгалдандыруды жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Одан бөлек, Абай саябағында болды. Өткен жылы пайдалануға берілген саябақтағы талдар көгеріп тұр. Сәуір айында саябақ ішіне қосымша 80 көшет отырғызылған, оның ішінде жеміс ағаштары да бар.
Аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет пен аудан әкімдігі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дулат Байзақовқа берілген тапсырмаларды ұйымдастыруды міндеттеді. Ауыл әкімі Әділ Елібаев пен жарықтандыру жұмыстарымен айналысатын «Торлан строй» ЖШС жұмысына сын ескертпелар айтып, орын алған олқылықтарды тез қалпына келтіруді тапсырды.
«Күн жылынды. Біз ауыл ішін көркейту-көгалдандыру, аулаларды абаттандыру, балалар алаңшалары, спорт алаңшаларының ісін жіті ұйымдастыруымыз қажет. Себебі, ауыл тұрғындары жаз айында демалып, көңіл көтеретін, салауатты өмір салтын ұстанатын орындар талапқа сай болу керек», — деді аудан басшысы.
Мақсат Қарғабай.