АЛДЫН АЛА ТЕСТІЛЕУ ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН АЛУДЫҢ ЖОЛЫН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Тұлпар тізгіндеуді мақсат еткен кез келген азамат жүргізуші куәлігін алмас бұрын теориялық және практикалық емтихан тапсырады. Бұл үшін оған үш мүмкіндік беріледі. Егер үшеуінен де сәтсіз өтсе, келесі емтиханды тек жарты жылдан соң ғана тапсырады. Бірақ сынақтан сүрінбеу үшін үміткерлер мамандандырылған ХҚО-да алдын ала жол қозғалысының теориясы бойынша білімін сынап көре алады. 

Жыл басынан бері мыңнан астам шымкенттік осы мүмкіндікті пайдаланып, жол қозғалысы ережелері бойынша білімін тексерген.
Автоемтихан бойынша алдын ала білімін тексеру үшін жүргізушілер автодромдарда алдын ала тексеру сынағынан өте алады.
Шымкент қаласы бойынша үш мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді. Оның екеуі автоматтандырылған автодроммен жабдықталған. Алдын ала білімін тексеру үшін болашақ автожүргізушілер екі автодромда тестілеу сынағынан өте алады. Бір айта кетерлігі автодромдардың қызмет түрі ақылы.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның айтуынша, автодромдарда алдын ала тестілеу сынағынан өту мүмкіндігі үміткерге емтиханнан сүрінбей өтуіне ықпал ететінін алға тартады. Айта кетейік, жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан барысында 40 сұрақ беріледі. Ал автодромда 12 жаттығудан тұратын практикалық емтиханнан өтуі керек.