АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛШАҢ БАСУ ҮШІН 71 ИНВЕСТ ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРУ КӨЗДЕЛГЕН

Шымкентте инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиынға Парламент Сенатының Шымкенттен сайланған депутаттары Нұрлан Бекзаназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты. Сондай-ақ, басқарма басшылары мен инвесторлар да болды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Штаб отырысында ауыл шаруашылығы саласында 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылатын жобалар, жаңа инвестициялар тарту және инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері талқыланды.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы саласында 2021-2025 жылдары 71 инвест жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бағытында – 19, мал шаруашылығы бағытында – 34, қайта өңдеу бағытында– 8, сауда бойынша – 10 жоба. Аталған инвест жобалар жүзеге асса 12,7 мың жұмыс орны ашылатын болады.
2021 жылы 32 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы бойынша – 7, мал шаруашылығы бойынша – 17, қайта өңдеубойынша – 3, сауда саласында – 4 жоба. Айта кетсек, жылыжай бағытында «Agro Park kz» ЖК, «Nur Alem Agro» ЖШС, «AiDi Agro Trade» ЖШС 2021-2022 жылдары әлеуетті инвест жобаларды қолға алатын болады.
Етті-сүтті бағытта биыл «Зертас» шаруа қожалығының қанатын кеңге жаю, «Наурыз» серіктестігі мен «Алтынсай» және тағы басқа шаруа қожалықтарын одан әрі дамыту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, жиында көпқабатты тұрғын үй, бизнес орталықтары, сауда орындары, өнеркәсіп салалары бойынша жаңа жобалар ұсынылды. Бұл жөнінде «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Б.Канкин мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков баяндады.
Штаб отырысында инвестиция тарту бағытында жер телімдерін рәсімдеу, инфрақұрылым жүргізу мәселелері талқыға түсті.