«БАҚЫТ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНДЕ ҚОНЫСТОЙ БАСТАЛДЫ

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан «Бақыт» тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңі аяқталды. Соған сәйкес құрылысы аяқталған тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Ондағы пәтерлердің жалпы көлемі 40 мыңнан аса шаршы метрді құрайды. Кешеннің құрылысы 2018 жылы басталып, ағымдағы жылдың наурыз айында ел игіліне тапсырылған.

Құрылысты «Оңтүстік Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Компанияның қаржы директоры Гүлжан Сыдықованың айтуынша, бұл тұрғын үй кешені құрамалы каркас тәсілімен салынған. Құрылысқа керекті заттар аталған компанияның темір-бетон өнімдері зауытында жасалған. Үйдің сырты табиғи тас травертинмен қапталған. Сондай-ақ, кешенде жеке көліктерге паркинг қарастырылған.
Кешендегі пәтерлердің аумағы 66-118 шаршы метрден есептелген. Пайдалануға берілген пәтерлердің 70 пайызын банк салымшылары алды. Олар тұрғын үйлердің құрылысы басталмай тұрып, баспаналы болу үшін несие рәсімдеген. Осылайша, нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен баспанаға қол жеткізген. Яғни, кешеннің құрылысын «Оңтүстік Құрылыс Сервис» серіктестігі «Отбасы» банкінің бағдарламасы аясында үлескерлік құрылыс тәртібімен басталған.
Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов биыл Шымкентте 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтты. Ол осы жылы барлығы 204 көпқабатты үйлер «Асар», «Тұран», «Әкімшілік іскерлік орталығы», «Астана», «Шымкент- Сити» шағынаудандарында салынып жатқанын да хабарлаған. Ондағы пәтерлер саны 13483-ті құрайды.