ШЫМКЕНТ КЕҢПЕЙІЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ

Танысыңыз. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Қуаныш Дәулетәлиев. Ол үшінші мегаполистің мәслихат корпусына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан сайланған. Шымкент қаласының тумасы. Жеке кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішкен азамат. Күнделікті өмірде адам ізі суымайтын сауда орындары, мейрамханалар мен дәріхана сынды нысандардың құрылысын жүргізеді. Құрылыс материалдары, қосалқы бөлшектер сататын дүкендер ұстайды. Ол біреу үшін көп, біреу үшін аз дәулетіне масаттанып, марқаймайды. «Еңбек – ердің сәні» деген тәмсілді темірқазық етіп, ізденіп, ілгері басудан шаршамайды. Бірді екі ете алатын ептілігінің арқасында кәсіпкерлікпен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да ырыздық тауып отырған азамат. Бизнес адымы ашылған кәсіпкер бүгінде 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Қол астындағы жұмысшыларына тірек болып қана қоймай, аз қамтылған отбасылар үшін берілген талай мырза көмектердің иесі болып табылады. Осы уақытқа дейін үш ауылдың төбе биі болып ел тірлігіне араласқан. Еліміздің Тұңғыш президенті, Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен бірнеше медальдарымен марапатталған. «Облысқа сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан. Қарапайымдылық, бауырмалдық, еңбекқорлық сынды туасы қасиеттерімен халықтың сенімі мен алғысына кенеліп жүрген азамат мәслихатта қандай ел тірлігіне араласуды мақсат етеді? Біз Қуаныш Әмірсейітұлымен болған сәті түскен сұхбатта осы және өзге де сұрақтарға жауап алдық.

– Қуаныш Әмірсейітұлы, Шымкенттегі мәслихат корпусына «Ауыл» партиясы атынан сайланған үш кандидаттың бірі өзіңізсіз. Бұл үлкен бақ. Дей тұрғанмен, Сіз еліміздің жетекші партиясына 2013 жылы тіркелгенсіз. Былтыр «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына өтіпсіз. «Nur Otan-да жүре берсем сайлауға түсуде бәсеке көп болады» деген бақай есеп болды ма?

– Ия, мен 2013 жылы Nur Otan партиясына мүшелікке ендім. 2020 жылы шықтым. Сол уақыт ішінде партияның жарнасын уақытында төлеп жүрдім. Талай шараларына қатыстым. Осылай жүргенде 2016 жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өткізілді. Сол кезде мен өз бағымды сынамақшы болдым. Бірақ маған мінберден көрінетін мүмкіндік есігі ашылмады. Мұндай жағдайды былтыр сайлауға дайындық жұмыстары басталғанда да байқадым. Осыдан кейін өмірімді өзгертпесем де, өмірдерегімді өзгерту үшін өзге партияға кеткенім дұрыс болар деген шешім қабылдадым. Бұл шешіміме Nur Otan партиясы үлкен түсіністік танытып, сәттілік тілеп шығарып салды. «Ауыл» партиясының бағыт-бағдары көңілімнен шықты. Өзім осы салаға қатты қызығатындықтан болған шығар. Ауылшаруашылық бағытында жанұялық кәсібіміз бар.

– «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған мәселелер қандай?

– Партия қажетті азық-түлікті өзімізде өндіру, жердің шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға сатылуына және жалға берілуіне тыйым салу, жанар май мен жем шөп бағасын төмендету, ауыл тұрмысын түзету, мәдени құндылықтарымызды насихаттау, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету және тағы басқа өзекті мәселелердің шешілуін мақсат етеді. Ауылдағы байланыс және интернетті дамыту да басты мақсатымыз.

–Шымкент ауыл емес. Соған қарамастан Шымкент тұрғындары үшін «Ауыл» партиясы қандай мүмкіндіктер бере алады?

– Шымкенттегі 41 елді мекен кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарының аумағынан шығарылып, қалаға өткенін сіз жақсы білесіз. Ол жердегі тұрғындар қала халқы болып табылғанмен, тұрмысы ауылдағы тіршілікке көп ұқсайтынын бәрі біледі. Ауыл мен қаланың арасында әлеуметтік алшақтық болмауын қамтамасыз ету партияның басты бағыттарының бірі. Осы тұрғыда қалада шешімін күтіп отырған мәселелр жетерлік. Одан бөлек, Еңбекші, Абай аудандарында ауыл шаруашылығы саласында біркісідей еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтары бар. Олардың адымын алшаң бастыруға ықпал көрсеткіміз келеді. Яғни, қалада ауыл шаруашылығы саласындағы бағытты дамыта отырып, оны қалалық қағидаларға сәйкестендіруге ықпал ететін боламыз.

– Мәслихатта сізге белгіленіп берген сайлау округіне Шымкенттегі қандай аудандағы елді мекендер енеді? Өз округіңіздегі тұрғындармен кездестіңіз бе? Олар Сізге қандай мәселе айтты?

– Қаладағы «Айкөл», «Ақжар», «Ақтас-1», «Ақтас-2» елді мекендері мен «Забадам», «Қазығұрт», «Карл Маркс» шағын аудандары менің сайлау округіме кіреді. Дегенмен де, мен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Абай аудандық филиалының төрағасы ретінде Абай ауданының барлық тұрғындарының мәселесін тыңдауға шыға аламын.
Абай ауданына қарасты «Игілік», «Ақжар», «Айкөл» сынды елді мекендерді аралағанымызда тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселе ауыз су, көгілдір отын, тұтынып отырған электр қуатының қуаттылығының төмендігі сынды инфрақұрылымдық мәселелерді көп көтереді. Көпбалалы аналар жәрдемақыны көтеруді айтса, біраз әйелдер зейнетке шығуды 53 жасқа дейін түсіруді сұрайды. Өткен айларда «Ақжар» тұрғын алабының халқымен кездестік. Ол жердегі 700 гектар жайылым жерді жасыл желек аумағын үлғайту үшін мемлекет мұқтажына қайтарылсын деген әкімдіктің қаулысы қабылданған екен. Бұдан бөлек егістік жерлер де алынған. Осы мәселе бойынша мен сала мамандарына «осыншама жерге қаратал егіп құр қарап отырғаннан гөрі мал бағып, аузымызды аққа тигізген дұрыс емес пе? Бидай егіп, қамбаны астыққа толтырған тиімді болмай ма?» деген ұсыныс тастадым. Көгал аумағын кеңейту үшін тұтас жерді алмай-ақ көшеттерді өзен, арық-атыздардың бойы, жол жиектеріне егу арқылы жүзеге асыруға болады ғой. Осы мәселемен бетпе бет келген тұрғындарды жеке қабылдауыма шақырып, сала мамандарымен кездестіріп, кеңестер ұсындық. Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына арыздарын түсірдік. Қазір аталған басқарма мәселені қарау үстінде. Оңтайлы шешімін табамыз деп ойлаймыз.

– Мандатқа ие болғаныңызға үш ай болды. Қандай мәселенің шешімін табуына ықпал еттіңіз?

– «Ақжар» елді мекенінде жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Енді құрылысы басталады. Қазіргі таңда ол жердегі тұрғындардың көпшілігі тіршілік көзін тасымалдап ішеді. Ол жерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. 2022 жылға қарай аталған тұрғын алаб ауыз сумен толық қамтылатын болады. Сонымен қатар «Ақжар», елді мекенінде интернет сигналы сын көтермейді. Дәл осы мәселе «Айкөл» елді мекенінде де бар. Ондағы тұрғындар үшін тек Beeline байланыс операторлары ғана қолжетімді.
Сонымен қатар «Айкөл» елді мекеніндегі үйлердің 70 пайызының мемлекеттік актісі жоқ. Бұрын ондағы тұрғын үйлер орын тепкен жерлер бір ұжымның атында болған. Ол қосалқы шаруашылық жері ретінде Түлкібас ауданына, содан кейін Сайрам ауданының құрамында болып, кейіннен Жетісайға өткен. Қойыртпақ. Ал аудан «Қазығұрт» шағын ауданынан 11 шақырым жерде. «Ақжардағы» үйлердің 10 пайызында да осындай мәселе кездеседі. Қазір тұрғындардың өз үйлерінің құжаттарын реттеу үшін кімге бару керектігі, қайда шағым түсіру керектігі жөнінде бағыт-бағдар беру жұмыстарының басы-қасында жүрмін.
Тағы бір мәселе осы күнге дейін «Ақжардағы» қоныс тепкен қандастар қайтыс болған азаматтарын жерлеуге жер таппай көп сабылып келген. Жергілікті жердегі қорымға қайтыс болған адамын қояйын десе, сол жердің кейбір азаматтары «бұл өз еліміздің адамдары үшін. Сіздер әлі қандассыздар» деп, бірден келісе қоймайды екен. Осыған орай сол төңіректен қаза болған қандастарды жерлейтін мазарат үшін 4 гектар жердің бөлінуіне ықпал ете алдым.

–Шымкентте алдағы күннің еншісіне белгіленген түрлі жоба-жоспарлар өте көп. Мәселен, үш жылдың ішінде қала көшелерін түнгі жарықтармен қамту көрсеткіші 70 пайызға жетеді деп айтылуда. 2025 жылға дейін жарық, су, газ мәселесі түпкілікті шешілетіні бірнеше рет мәлімделді. Биыл миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, алдағы уақытта қаланың әр ауданында «Шымкент Сити» үлгісінде бой көтеретін шағын аудан болатынын ақжолтай ақпарат ретінде таратып жүрміз. Сіз осы уәделі мәлімдемелердің орындалатынына сенесіз бе? Жалпы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жұмысына қандай баға бересіз?

– Әрине сенемін. Біздің жоспарымыз жүйелі болмаса, жұмысымыз да жақсара түспейді. Жоспар қиялдан туып, жөпелдемеде жазыла салатын дүние емес. Ол қаланың халқы мен халі, кірісі мен шығысы, мүмкіндігі мен кедергілері терең талданып, жазылатын құжат десек те болады. Әр ауданда «Шымкент Сити» үлгісіндегі шағын аудан болу қажет дегенге келсек. «Армансыз адам – алысқа бармас» деген ғой. Егер қалаға осы бағытта инвестициялар тартылса неге іске асырылмасқа? Ақылға қонатын дүние. Ал қала әкімі Мұрат Әйтеновтың жұмысына көңілім толады. Не үшін? Ең әуелі ол өте іскер жігіт. Өткірлігі де бар. Бұл оның бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін жақсы қасиет. Тағы бір айта кетерлігі, ол халық алдында өте ашық. Барлық салада атқарылып жатқан жұмыстарды, болып жатқан өзгерістерді ашып айтады. Халықтың пікіріне құлақ асады. Қарапайымдылығы тағы бар. Сынды жақсы қабылдайды. «Жігітті сын шыңдайды» деген. Әйтенов сыннан нәтиже шығара алатындығының арқасында әжептеуір шыңдалды. Тек әкімнің іскерлігіне оның командасы ілесе алмай жатқан сыңайлы. Бұл өз пікірім.

– Ал мәслихаттағы әріптестеріңізге көңіліз толады ма?

– Жалпы бұл шақырылымдағы депутаттар құрамы 90 пайызға жаңарған. Көпшілігі жаңа кандидаттар болғанмен, үлкен дайындықпен келген іскер азаматтар. Алға қойған мақсаттары – халық сенімінен шығу екеніне көз жеткіздім. Бұны бірлескен комиссия, тұрақты комиссия отырыстарында байқай алдым. Жалпы осы ортақ мақсат жолында біз әлі талай баянды жұмыстардың ұйытқысы боламыз деп сенемін.

– Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов кезекті брифинг кезінде «Шымкенттегі үйлердің 90 пайызы жекеменшік. Қала жекеменшік үйлерінің көптігімен ерекшеленеді»,-деді. Сіздің ойыңызша үшінші қаланы даралайтын дүние не?

– Ал мен Шымкент тұрғындарымен ерекшеленеді дер едім. Біздің тұрғындар кеңқолтық. Кеңпейіл әрі қонағуар. Арыста болған жарылыс кезінде ондағы тұрғындар үшін ең үлкен жанашырлық танытқан біздің қала болды дегенге ешкім қарсы келе қоймас. Олардың арасында өзім де бармын. Қозғамай ұстап отырған біраз қаражатымды Арыс жұртына бердім. Жарылыстан зардап шеккен біраз үйлердің шатырын ауыстыруға демеушілік таныттым. Өзге де зардап шеккен әлеуметтік нысандардың қайта қалпына келтіру жұмыстарына араластым. Енді ондай сынақты, төтенше жағдайды қазақ бастан кешірмесін деп тілейік.

– Халыққа қарата тағы қандай тілек айтасыз…

– Әлемді әуреге салған пандемия жағдайынан шықсақ екен деймін. Бұл жеңіл қарайтын індет емес. Сақтанбасақ, өзгелерді сақтамасақ, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Қалыпты өмірге тез оралу бәріміздің маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, той-томалаққа бармау сынды қарапайым ережелерді сақтауымызға көп байланысты. Сондықтан да ауырып ем іздегенше, сақ болып, сау жүрейік.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: С.ИБРАГИМОВА.