Жадыра жарқын істі бастады
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде 2020 жылы карантинге байланысты онлайн форматта оқып, сынақ тапсырып, сертификат алған Сайфунова Жадыра Насырединқызы мемлекет тарапынан 555 мың теңге қайтарымсыз грант алып жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
Бес баланың анасы, үй шаруасында отырған Жадыра бұдан бұрында отағасының көмегімен қолда уақ мал ұстап, бордақылап қоңыр тірлігін, отбасы, ошаққасы берекесін кіргізіп отырған шаруа келіншек. Осы қайтарымсыз қаржыға екі жылқы сатып алып, бордақылап, орталықтан жалға шағын дүкен ашып, етін сатып, мал орнына мал алып, айналдырып жылқы басын көбейтуде.
Жадыраның дүкенінен ет сатып алушылар дән риза, «ет таза, дәмді» дейді алушылар. Іскер келіншек жылқы бордақылаумен қатар ірі қара бордақылап, етін сатуға шығарып отыр. Қазы қартаны өзі айналдырады. Шекпе ет әзірлейді. Сиырды өзі сауып айран сүтін де сатылымға шығарып отыр. Жалпы қолынан іс келетін іскер шаруа Жадыраның дүкенінде етке, айран-сүтке сұраныс мол. Өйткені малды өзі жемдеп, баптап қарап, халыққа қажетіне қарай, ет, айран сүтпен қамтамасыз етіп отыр.
Отағасы Бекжігіт Амангелдіұлы өз ісінің маманы. Белгілі компанияда жұмысшы болып еңбек етеді. Ал Жадыра жолдасының айлығына алаңдамай, өз тірлігін, шаруасын өзі айналдырып, бала-шағасының, үй шаруасының берекесін кіргізіп отырған көпбалалы ана, сүйікті әже, іскер әйел. Отбасының берекесі де, мерекесі де әйел ана деген осы емес пе?!