ИНВЕСТОРЛАР ЖАТАҚХАНА САЛУ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА НИЕТТІ

Шымкенттегі «Шымкент-Сити» шағын ауданында «Элит Строй Компани» және «Damdes Құрылыс Инвест» мердігер компаниялар 784 пәтерден тұратын тұрғын үй кешендерінің құрылысын қарқынды жүргізуде. Құрылыс алаңында салынып жатқан пәтерлердің аумағы 60 мың шаршы метрді құрайды. «Shymkent «ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы іске асырылып жатқан үйлер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазіргі таңда «Shymkent «ӘКК» акционерлік қоғамы тұрғын-үй кешенін салу құрылысы саласында 2025 жылға дейін 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алға қойған межелі мақсат толықтай жүзеге асатын болса, 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстардың инфестициялық қоржыны 400 млрд. теңгені құрайды.
«Shymkent «ӘКК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Б. Канкин қалада сауда орталықтары мен жатақхананың салынуы бойынша сұраныстар бар екенін, осыған орай инвесторларды тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Нәтижесінде 17 әлеуетті инвестор аз қабатты тұрғын үйлер, сауда орталықтарын және жатақхана құрылысы жобаларын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізген. Осы бағыттағы жобалардың инвестициялық қаржысы 200 млрд.теңгені құрайды.