ҮШІНШІ ҚАЛАДА КӘМПИТ ӨНДІРІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Тассай» индустриалды аймағында 1,2 гектар аумақта орналасқан «NURTAU distribution company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Болашағы зор, еліміздегі ең дамушы компаниялардың бірі болып табылатын кәсіпорын шоколадты кәмпит және сағыз өндірумен айналысады. Мақсаты айқын серіктестіктің құрылысы 2019-2020 жылдары жүргізілді. Биыл 100 пайыз іске қосылды. Соның есебінен 60 жаңа жұмыс орны құрылды.

Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,15 млн. дана шоколад кәмпитін, 1,8 млн. дана сағыз кәмпитін құрайды. Сондай-ақ, мекеменің Қазақстан Республикасының барлық қалаларында өкілдері, сауда командасы мен алаңдары бар. Компанияның негізгі аудиториясы балалар. Сондықтан сағыз кәмпиттердің алма, банан, таңқурай сынды дәмнен тұратын 12 түрлі ассортименті бар. Бұл кәмпиттер мен сағыздар Шымкентте өндірілетін болғандықтан, шетелдік аналогтардан 10% арзан болады.
Өнімдер «MEXXI» атауымен шығарылады. Тауарды жергілікті базарлар мен барлық дүкендерден алуға болады. Кәсіпорын өнімінің 70 пайызы ішкі нарықта, 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы «Пандемия үлкенді-кішілі барлық кәсіпкерлік нысандарға өзінің әсерін тигізді. Бұл өзін-өзі дамытып отырған мекеменің бірегейі. Сондықтан бұдан әрі өнім түрлерін арттырып, мекемені кеңейту мақсатында барынша қолдау көрсететін боламыз. Өндірілген өнімдердің қаладағы сауда үйлерінде сатылуына жағдай жасау керек», — деп тиісті сала басшысына тапсырма берді. Мұндағы мамандардың кейбіреулері жаңа жабдықта жұмыс істеу үшін арнайы оқытудан өткен. Алдағы уақытта компания жүгеріден жасалған, карамель және таяқшадағы қатты кәмпиттер өндіретін желілерді іске қосуды көздеп отыр.