НАН ӨНДІРЕТІН НЫСАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«Нан болса ән де болады». Шымкенттегі Қаратау ауданы, «Сайрам» тұрғын алабында нан-тоқаш өнімдерін өндіретін наубайхана іске қосылды. Жеке кәсіпкер «Темиршиков» наубайханасының ашылатыны былтырдан бері айтылып келген.

Осы аптадан бастап жұмысын бастаған наубайхана тәулігіне 90 мың дана нан өнімдерінің түрлерін өндіреді. Оның 65 мың данасы қалыпты бөлке нан өнімдері болып табылады. Жобаның құны 300 млн. теңге.
Кәсіпкерлік нысанның ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Мекеме 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Наубайхананың жалпы аумағы 7200 шаршы метрді құрайды. Кәсіпкерлік нысан жаңа үлгідегі нан пісіруге арналған заманауи технологиялармен жабдықталған. Қала билігі Шымкенттегі ең арзан нандар осы наубайханада пісірілетінін айтады. Өйткені нан-тоқаш өнімдерін пісіретін пештер көгілдір отынмен қыздырылады. Шаһар басшысы қазіргі нарықтық экономикада күн сайын аспандап бара жатқан бағаны ауыздықтаудың тиімді тетігі осындай жобалар екенін атап өтіп, сала басшыларына осы бағыттағы жобаларды қолдау қажеттігін тапсырды.
Кәсіпкерлік нысанның жұмысымен танысу кезінде Мұрат Дүйсенбекұлы күнделікті тұтынатын қарапайым заттарды түгелімен өзімізде өндірудің маңыздылығына тоқталды. Мәселен, жаңа кәсіпорындағы нан пісіретін пештер Шымкент қаласында шығарылған.