ДЕЛДАЛСЫЗ САУДА ДАМИДЫ
Ағымдағы жылдың ақпан айында Шымкент қаласының әкімі сәуірде көпқабатты үйлердің жанынан әлеуметтік дүкендер ашу жоспарланып отырғанын, бұл мақсатта дүкендердің орнын белгілеу жұмыстары пысықталу үстінде екенін хабарлаған болатын.
Аталған дүкеннің өзгелерден айырмашылығы ондағы азық-түліктердің өндіруші бағасымен сатылатындығы болып табылатынын да тілге тиек еткен. Қала басшысының әлеуметтік желі арқылы түрғындарға тікелей байланыста айтылған бұл мәлімдемесі сөзден нақты іске көшті. Апта басында қаладағы Елшібек батыр көшесінің бойында әлеуметтік дүкен ашылды. Жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов өзі барып танысты. Ол жерде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік дүкеннің іске қосылуы аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, аталған жобаға бөлінген инвестиция құны 50 млн теңге. Дүкенде күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қолжетімді бағада босатылатын болады. Дүкендегі сөрелерде тек қана Шымкентте өндірілген азық-түлік тауарлары, жылыжай өнімдері болады. Және олар қаладағы нарықтан 20 пайыз төмен бағада сатылады.
Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобасы аясында әлеуметтік дүкендер бойынша босатуды қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысына тапсырды. Сонымен қатар ол, тұтынушылар талғамынан шығу үшін тауарлардың түрлерін көбейтуді де міндеттеді.
Қала әкімі алдағы уақытта әлеуметтік дүкендерді көбейту бағытында жұмыс жанданатынын, себебі әлеуметтік дүкендерді көбейту азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бірден бір жолы екенін атап өтті.