ДӘРІГЕРЛЕР ҮШЕМНІҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛДЫ
Түркістан облысындағы №3 облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері небәрі 1,5 кг салмақпен туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп, перзентханадан шығарды. Жас ана мен шала туған шақалақтардың өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға өрісі кеңейген отбасының айтар алғысы шексіз. Дәрігерлердің айтуынша, жүктіліктің 32-ші аптасында әйелге жедел ота жасауға тура келген. Алғаш рет ана атанған Динара Мухитованың жақындары бүлдүршіндірге Хадиша, Фатима, Захра есімдерін берген.
Дәрігерлер аман алып қалған үш қыз мерзімінен бұрын дүниеге келіп, бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. №3 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан. Жас отбасы Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының тұрғындары.
«10 наурыз күні үшем дүниеге келді. Алғашқы күндері дүниеге келгенде нәрестелердің өкпесі дұрыс дамымағандықтан өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Кейін 10 күннен соң жансақтау бөлімінен ауыстырылды. Алғашқыда олардың салмақтары 1 келі 480 гр, 1 келі 180 гр және 1 келі 460 гр болды. Бүгінде сәбилердің денсаулығы жақсы»,-дейді №3 облыстық перинаталдық орталығының сарапшы дәрігері Гульайша Ерназарова.
Айта кетсек, былтыр облыстық перинаталдық орталығында 9793 сәби дүниеге келген. Жыл басынан бері орталықта 2652 нәресте туылған.
Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі.