ЫСТЫҚ ТАМАҚ… ЫҢҒАЙЛЫ КИІМ… БЕТПЕРДЕЛІК РЕЖИМ…
Шымкентте төртінші тоқсан қалай басталады?
Бүгін 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсаны басталды. Соңғы тоқсанда Шымкент қаласы бойынша білім беретін 186 мектептерде барлық сыныптардың оқушылары бір сыныпта 25 адамнан аспайтын аралас форматта білім алады. Ал оқушы саны 300-ден аспайтын білім ұяларында оқышулар 100 пайыз дәстүрлі форматта білім алады. Бүгінде Шымкентте балалар саны 300-ден аспайтын 22 мектеп бар. Бірақ ата-аналар әлі күнге дейін ауыздықталмай отырған коронавирус індетіне байланысты балаларының денсаулығына алаңдаса, тиісті өтініштер бойынша оқушыларды онлайн форматта оқытуына мүмкіндігі бар.
Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 2020-2021 оқу жылының IV-тоқсанындағы білім беру жағдайы туралы осылай деді.
Сонымен қатар ол, төртінші тоқсанда мектептердегі асханалар арнайы санитарлық тексерулерден өтіп жұмыс істейтінін айтты. Ал аз қамтылған отбасылардың балаларына бір мезгіл ыстық тамақ беру мәселесі туралы «біраз ата-аналар балаларының онлайн форматта оқуына байланысты ыстық тамақ ішіп жүрмегенін, сол үшін бұл мақсат үшін бөлінетін ақшаны өздеріне беруін талап етуде. Бұл заң талаптарына қайшы. Үкімет бекіткен қаулылыларға сәйкес балаларға білім ұясында бір реттік ыстық тамақ берілетіні нақты жазылған. Ыстық тамақ орнына ақша берілетіні ешжерде жазылмаған. Сондықтан да ақша қолма қол берілмейді»,-деді.
Шаһардың бас ұстазы төртінші тоқсанда міндетті мектеп формасы талап етілмейтінін, оқушылар классикалық үлгідегі өзіне ыңғайлы киімдерін киіп келуге рұқсат етілгенін тағы да ескертті. Сондай-ақ ол, еліміздің бас санитар дәрігері бекіткен қаулыға сәйкес балалар сыныпта бетпердесіз отыруға болатыны айтылғаны, бірақ Шымкентте балалардың қауіпсіздігі үшін сыныптарда маскалық режимнің сақталуы басшылыққа алынып отырғанын атап өтті. Басқарма басшысы бұл тұрғыда ата-аналардың ұсыныс-пікірлері де ескерілгенін жеткізді.
Айта кетейік, Шымкентте балаларға білім беретін 186 мектеп бар. Бүгінде 14 мектепте коронавирус жағдайы анықталған. Ауруды жұқтырғандардың қатарында мұғалімдер де, оқушылар да болған. Соған орай ол нысандар уақытша екі апталық карантинге жабылған.