АҒАШ – ЖЕР СӘУЛЕТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қалалық өкілдігінің ұйытқы болуымен Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта «Ағаш – ел дәулеті, жер сәулеті» атты шара өтті. Имамдар бұл игі шараны Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өткізді.

Қасиетті іс көрініс тапқан шараға қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов, наиб имам Мұхамеджан Естеміров, іс басқарушы Азамат Әбдікерімұлы, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының имамдары мен ерікті жастар тобы қатысты. Өз кезегінде олар дендробақтағы «Шымкент қаласы имамдарының аллеясы» деп белгіленген арнайы орынға жоғары сұрыпты 205 түп ағаш көшетін отырғызды.
Жалпы бұл жөпелдемеде қолға алынған жұмыс емес. Бұған дейін қаланың бас имамы саябақ басшысына ел егемендігінің 30 жылдығына орай дендрологиялық саябақта «Шымкент қаласы имамдарының аллеясын» ашу туралы ұсыныс айтқан. Бұл ұсыныс саябақ басшылығы тарапынан қолдау тауып, имамдар аллеясын ашу туралы шешім қабылданып, арнайы жер бөлінген. Көп ұзамай имамдар бұл мақсатта жоспарланған жұмыстарды жұмыла жүргізіп, сәтті алып шықты.
Жалпы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мұндай шара мешіттер мен өзге де орындарда үш ай бойы жалғасатын болады.
Қаланың бас имамы ендігі мақсат дендробақтағы имамдар аллеясына түрлі сұрыптағы ағаштар отырғызып, тұрақты тазалық шараларын өткізу екенін алға тартады. Олар табиғатты осылайша аялау жақсы көңіл-күйдің кепілі деп біледі.
Айта кетейік, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы 1979 жылы құрылған. Саябақтың құрылуына мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров мұрындық болған. Саябақтың қазіргі уақыттағы жер көлемі 117 гектар. Мұнда бүгінде 500 мыңнан астам ағаш және 1 миллионнан астам шөптесін өсімдіктер бар.