Бағдат МУСИН, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

1000

АУЫЛДА ИНТЕРНЕТ БОЛАДЫ ДЕП УӘДЕ БЕРЕ АЛМАЙМЫЗ

Қазақстанда 6500 елді мекен бар. Олардың ішінде 5300-і әртүрлі технологиялар арқылы интернетпен қамтылған. Бірақ осы интернетпен қамтылған елді мекендердің 500-де интернет сапасыз. Яғни, ондағы тұрғындардың желі арқылы хабарлама жіберу, мәтіндер алмасу сынды мәселелерді шешуге ғана мүмкіндігі бар болғанмен, Zoom мен өзге де платформаларды пайдалана алмайды. Бірақ екі жыл ішінде ол елді мекендер толыққанды интернетпен қамтылады.

Бұл туралы еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан ұлттық арнасына берген сұхбатында айтты.
Ведомства басшысы 6500 елді мекеннің 5300-і интернетпен қамтылса, қалған 1200-де интернет жоқ екенін ашық айтты. Ол жердегі тұрғындар саны 250-ден аз. Бірақ соған қарамастан Ұлттық экономика министрлігі солардың ішіндегі 250 елді мекенді болашағы бар ауылдар санатында деп көрсеткен. Соған сәйкес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі операторлармен бірігіп, ол жерлерді интернетпен қамту туралы инвестициялық жобалар жасауда.
Осы деректерді айтып өткен Бағдат Мусин қалған 1000 ауылда интернет болады деп уәде бере алмайтынын ашық айтты.
Айта кетейік, газетіміздің өткен санында «ХАЛЫҚТЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛҒАН… Асқар Маминнің мәлімдемесі таң қалдырды» атты мақала жарияланған болатын. Материалда Үкімет басшысы Асқар Маминнің Алматыда өткен цифрлық «Digital Almaty 2021» халықаралық форумында Қазақстан халқының интернетпен қамту көрсеткіші 99 процентке жеткені туралы мәлімдемесінің шындықтың ауылынан алыс жатқаны туралы мамандар пікірі мен өзгеде мысалдар келтірілген еді. Енді салаға жауапты министрдің сөзі де мамандар пікірінің дұрыстығын аңғартып отыр.

«Уақыт».