КОРОНАВИРУС – ЕҢ КӨП ТЕРІЛГЕН СӨЗ
Әр жыл сайын гугл сервисінің іздеу жүйесі интернет қолданушыларынан ең көп сұралған мәліметтер рейтингісін жариялады. Ірі компания сарапшылары осы жылы қазақстандықтардың «Google»-дан ең көп терген сөзі «Коронавирус» екенін алға тартады.
Ең көп сұралған мәліметтер тізімінің басында online Mektep, Kundelik.kz, Ок.edus.kz, Klassroom, Bilimland.kz платформалары бар. Сонымен қатар техниканың тілін білетін тұрғындарды АҚШ-тағы сайлау додасы төңірегіндегі ақпараттар да көп қызықтырған. Коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдайда табысынан айырылғандар үшін берілетін 42500 теңге әлеуметтік төлем сөзі де көп сұралған. Сонымен қатар, Egov.kz электронды порталына да телміргендер әдеттігеден асып түскен.
Осы жылы іздеу сервисінде ең көп терілген адамның есімі мезгілсіз қайтыс болған Елбасының сүйікті жиен немересі Айсұлтан Назарбаев болса, одан кейінгі орынға атақты баскетболшы осы жылы қаңтарда Калифорнияда тікұшақ апатынан көз жұмған Коби Брайант шыққан. Ел тұрғындарының іздеу жүйесінде Джо Байден, Дональд Трамп, Алексей Навальный мен Александр Лукашенко сынды тұлғалар есімін көп теруі, әлемдік саясат сахнасында болып жатқан оқиғалар үшін бей-жай қарамайтындарын аңғартса керек. Бұдан өзге отандастарымыз Ресей елінің атақты актеры Михаил Ефремовті, футболист Артем Дзюбе, америкалық актер Чедвик Боузман мен театр және кино актеры Борис Клюевқа қатысты деректерді жиі іздеген.
Гугл іздеу жүйесінде ең көп сұралған «Жыл фильмі» «Заражение» триллері болған. ТОП ондықта «Зов предков», «После 2», «365 дней», «Холоп» комедиясы және «Холодное сердце 2», «Малефисента 2», «Джентльмендер», «Паразиттер» мен отандық «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы бар. Ал көп қаралған сериалдар тізімінде «Бумажный дом», «Элита» және «Жестокий Стамбул» атты туындылар болған.
Биылғы пандемия кезінде қазақстандықтар көптеген атаулармен алғаш бетпе- бет келіп, ол сөздердің қандай мән беретіні, не үшін қажет екенін білу үшін гугл іздеу жүйесінен БИН, пандемия, атаулы әлеуметтік көмек, IBAN, кластер, эпитет, коронавирустың не екеніне жауап іздеген.
Қ. ҚАЛИЕВ.