2021 ЖЫЛЫ ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ ЖАЙЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Келер жылдан бастап еліміздегі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі қандай болады? Ал базалық зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері ше?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес 2021 жылғы 1- қаңтардан бастап еліміздегі мемлекеттік базалық зейнетақы 18524 теңге болмақ. Биыл бұл көрсеткіш 17641 теңгені құраған. Ал ең төменгі зейнетақы 43272 теңгеге (2020 жылы 40441 тг) көбейеді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 34302 теңге болып белгіленсе, кедейлік шегі күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 70 пайызын құрап 24 011 теңгеге өсті.
Ең төменгі жалақы мөлшері өзгертілмей, 42500 теңге көлемінде қалдырылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектігіне байланысты берілетін төлемдер де біршама ұлғайды. Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін төлем көлемі 65860 теңге болса, ересек жастағы екінші топтағыларға 52483 теңге, үшінші топтағыларға 35675 теңге болып есептеледі. Ал 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар үшін берілетін жәрдемақы 48023 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар бала кезінен мүгедек мен 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға арналған жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына байланысты 41163 -65860 теңге болады. Дәл осы 16 жасқа дейінгі мүгедек бала мен бала кезінен бірінші топтағы мүгедектік күтіміне байланысты оларды тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, қамқоршыға ай сайынғы жәрдемақы 48023 теңгеден беріледі.
Осы жылдың 1-қаңтарында 2651, 1-сәуірде 2778 теңгеге дейін ұлғайтылған 1 АЕК 2021 жылдан бастап 2917 теңге болып есептеледі. Яғни 139 теңгеге өседі. Соған сәйкес, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы көлемі де біршама ұлғаяды. Мәселен, бірінші балаға жұмыс істемейтін ана — 16802 теңге алса, екінші балаға -19865 теңге, үшінші балаға 22899 теңге, төртінші балаға 25962 теңге тағайындалады.
Көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшерінің реті мынадай. Отбасындағы төрт бала үшін -46760, бес бала үшін -58 457, алты бала үшін -70 154, жеті бала үшін -81 852, сегіз бала үшін — 93 344, тоғыз бала үшін -105 012, он бала үшін -116 680 теңге жәрдемақы есептеледі.
А. САТЫБАЛДЫ.