ҚАРЖЫНЫ ЖЫМҚЫРҒАНДАР ЖАЗА АРҚАЛАДЫ
Былтыр 24-маусымда Арыстағы оқ-дәрілерді сақтайтын қоймада болған жарылыстан зардап шеккен қаланы қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған қаржылардың біразы мақсатты жұмсалмай жарты жолда, кейбір шенеуніктердің қалтасында қалып қойғаны туралы деректер жетерлік. Кешегі аптада Арыстағы төтенше жағдайдың зардабын жоюға жұмсалуы тиіс теңгені қалтасына салып, ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдікке ілінген Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа сот үкім кесті.
Экс-әкім Арыс тұрғындарына арналған қайырымдылықтың ақшасына қол сұққаны үшін осы жылдың наурыз айында үйқамаққа алынған болатын. Оған қайырымдылыққа жиналған қаржыны заңсыз иемденді деген айып тағылды. Онымен бірге тағы төрт адамның қолына сот залында кісен салынды. Олар Ысқақовтың бұрынғы екі орынбасары, туысы және кәсіпкер. Тергеу мәліметтерінде бесеуі бірлесіп қару-жарақ сақтайтын қоймадағы жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындары үшін жиналған қайырымдылық қаржысының 80 млн. теңгесін өз мақсаттарына жұмсау үшін оны төрт шотқа аударып, 20 млн. теңгеден шешіп алғаны айтылады. Бақай есепке барған бесеу ірі көлемдегі ақшаны соңғы тиынына дейін жаратып қойған. Енді экс-әкім алдағы 7 жылын, оның екі орынбасары 6 жылын, бауыры мен кәсіпкер 5 жылын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейтін болады.
Жалпы Арыс қаласындағы жарылысқа бір жарым жылдан аса уақыт толды. Төтенше жағдай орын алған кезде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланы қалпына келтіру жұмыстары сол жылдың 1-тамызына дейін аяқталады деп мәлімдеген. Осы бағытта қала аумағы 17 секторға бөлініп, әрбір секторы республикалық маңызы бар 3 қала мен 14 облысқа бекітіліп, тиісті құрылыс жұмыстары атқарылған. Бірақ жарылыстан бүлінген қаланы қалпына келтіру жұмысы сол жылдың қара күзіне дейін әупірімдеп жүріп аяқталған.
Ресми мәлімет бойынша, Арыста орын алған жарылыстан қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлаған. Сонымен қатар 500-ге жуық кәсіпкерлік нысан қираған. Бұзылған үйлер, бүлінген әлеуметтік орындар мен кәсіпкерлік нысандардың барлығын қалпына келтіру мәселесі Үкімет тарапынан шешілген.
Десе де, оқыс оқиғаның орын алғанынан бір жарым жылдан аса уақыт болса да жарылыстан қираған кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіруге өтемақы ала алмай жүрген кәсіпкерлер әлі де бар. Сонымен қатар қалада тіркелген әрбір тұрғынға мемлекет есебінен берілген 100 мың теңге өтемақыға ілінбей қалған тұрғындардың да шағымы саябыр тапқан жоқ. Бұдан бөлек үйлеріне жүргізілген жөндеу жұмыстарын шала-шарпы жасалғанын нақты дәлелдермен келтіріп жүрген арыстықтар да баршылық. Ал жергілікті әкімдік болса мұндай шағымдармен бетпе бет келгенде көбіне көп ол үйлер орналасқан сектордың қай өңірге бекітілгенін айтудан ары асып жатқан жоқ.
А. САТЫБАЛДЫ.