НЕСИЕ РӘСІМДЕУ АЗАЯ МА?
Елімізде халыққа несие беруді шүлен таратқандай күйге айналдырған микроқаржы ұйымдары көбейген. Қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан әлеуметтік жағдайы мәз емес азаматтарға қаржылық ұйымдардың қарызға ақша беруі толастамаған. Бірінші несиелік бюроның мәліметінше осы жылдың 1-қарашасындағы жағдай бойынша елімізде микроқаржылық ұйымдар арқылы 170 мың кәсіпкер мен 810 мың жеке тұлға несие рәсімдеген. Қазіргі таңда 310 мыңнан астам адам алған несиесін қайтара алмай есі екеу, түсі төртеу болып жүр.
Мәжіліс азаматтардың «тәуекел етіп, тас жұтып» несиені көп алуына тосқауыл болатын заң жобасын мақұлдады. Құжатта микроқаржы ұйымдары азаматтарға несие беру кезінде оның пайызын қоса есептегенде қайтарып беруі тиіс соманы келісім шарттың бірінші бетіне тайға таңба басқандай етіп көрсетуі тиіс. Бірақ қарыздың пайызбен қоса көрсеткішін көрсету тұрғындарды несие алу ниетінен қаншалықты тайдыратыны белгісіз.
Төменгі палата депутаттары әзірлеген заң жобасында қарызды өндіретін коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыруға да екпін берілген. Халық қалаулылары олардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерін 10 миллион теңге деп белгілеуді ұсынған.
Қазіргі таңда қазақстандықтардың қаржы инстуттары алдындағы орташа берешегі 470 мың теңгені құрап отыр. Осы жылдың қараша айындағы бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрын 290 мың теңге болған. Бүгінде қазақстандықтардың банктер мен шағын қаржылық ұйымдарға берешек сомасы 4 триллион 400 миллиард теңгені құрап отыр.
С. НҰРАЙ.