ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРДЫ

Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асып жығылады. Демографиялық көрсеткіші жағынан аймақ республикадағы өңірлер бойынша көш бастап тұр.
Облыстағы Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш сынды аудандарының халқы қалың. Аталған аудандар қатарына Шардарадағы халық санын қосқандағы аумақтарда барлығы 1 миллионнан аса тұрғын тұрады.
Былтыр облыстың дамуының кешенді жоспары дайындалған кезде аталған аудандарды дамытуда біраз бағыттарға көп көңіл бөлінген. Соның бірі жол мәселесі. Осыған байланысты бірқатар жобалар қолға алынды. Нәтижесінде аталған аудандарды кесіп жатқан республикалық маңыздағы жолдар мен жергілікті маңыздағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 90 пайызға дейін жақсарды. Өткен жылдың басында бұл көрсеткіш 52 пайызды құраған.
Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарымен танысу үшін Мақтаарал мен Жетісай аудандарында болған сапары кезінде айтты.
Осы мақсатта биыл 6 учаскеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 5 учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталған. Жөнделген жолдардың ұзындығы 88 шақырым. Атап айтқанда, А-15 «Жизақ-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек Жолы» автожолының 63 шақырымы, Атакент ауылының кіре берісіндегі ұзындығы 11 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар, «Самара-Шымкент» автожолдары күрделі және орташа жөндеуден өтті. «Гүлстан» кіреберіс автожолының ұзындығы 22 шақырымға созылған жолы жыл соңына дейін аяқталады.
Жалпы, Жетісай мен Мақтааралдағы 130 шақырым жол жөнделеді. Жыл соңына дейін «Үлгілі-Таубай ата» және «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Ұзындығы 19,9 шақырымдық облыстық маңызы бар «Жетісай-Мақталы» бағытындағы автомобиль жолында да жөндеу жұмыстары аяқталуға таяды. 2021 жылы аяқталатын жолдардың қатарында Шардара ауданынан бастау алатын КХ-8 автомобиль жолы да бар. Өзбекстанның шекарасы мен Шардара, Арыс, Темірланға дейінгі аралықты жалғайтын бұл күре жолдағы құрылыстың жартысы осы жылы аяқталады. Ал Шардара ауданының Көксу ауылы мен Арыс қаласының арасын жалғайтын қалған бөлігі келер жылы қолданысқа беріледі.