«ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚАЗАНЫНА ШӨМІШІН САЛАТЫНДАРДЫҢ КӨБЕЙГЕНІ ҚЫНЖЫЛТАДЫ»

Журналистика саласындағы еңбегі ерекше азамат Бекжігіт Сердәлі алпысқа толып отыр. Асқаралы жасқа келген бұл кісінің өмір жолы өнегеге толы. Бала күннен арман еткен журналистика мамандығын меңгерген соң, өз ісінің нағыз шебері ретінде талай мойындалған қарымды қалам иесінің өз кәсібінде қол жеткізген жетістіктері бір төбе болса, бойындағы сазгерлік қыры туралы әңгіме де бір кітапқа жүк боларлық. «Жұбайлар жыры», «Ризамын», «Неге, Неге?», «Түркістаным – Тұраным» және т.б  жүрекке жылы тиетін әндердің авторы болып табылатын ағаның туындылары бүгінде елге кеңінен танымал. 

Қоғам тынысынан да тыс қалмай, өзекті мәселелерге өзінің азаматтық үнін қоса жүретін арынды да дарынды журналист, сазгер, Түркістан төріндегі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Журналистика кафедрасының профессоры Бекжігіт Сердәлі ағаны мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, сұхбат құрған едік.

 

– Бекжігіт аға, жуырда 60 жасқа толдыңыз. Бұл да бір белес. Өткен өміріңізге саяхат жасаған шығарсыз… Не түйдіңіз? Осы күнге дейін кеудеңізді қуанышқа толтырған өміріңіздің ұмытылмас жетістіктері  қандай?

– Өмірде түйген дүнием көп. Ол туралы сөз қозғасақ, әңгімеміз біразға дейін түгесілмеуі мүмкін. Сондықтан да сөз басын басты жетістіктерімнен бастайын. Өз басым журналистиканы таңдағаным үшін өте бақыттымын. Себебі,  маған жазу ұнайды. Үстелдің басына жайғасып, қаламды алып, ақ қағазға түйдек-түйдек ойлар түсіріп, оны оқырманға жеткізу ұнайды. Осы  кәсібім арқылы талай биіктерге жеттім. Өзімді таныттым. Құрметке кенелдім. Марапаттар алдым. Сондықтан да журналистика мен үшін өмір баспалдағы болды.

Бүгінге дейін өзімді тәрбиелеп, өмір жолына  икемделуге қызмет етіп келсем, енді басқа сатыдамын. Білген-түйгенімді шәкірттерге үйретуге қызмет етіп келемін. Қаншама шәкірттерім бар. Алды Америкада оқуда. Бірі сол елде қызмет етуде. Түркия, Өзбекстанда, Қырғызстанда қызмет етіп жүрген шәкірттерім де жетерлік. Ел аумағындағы белді-белді ақпарат құралдарында көптеген шәкірттеріміз абыройлы еңбек етіп келеді.  Халық аузында жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігінде біз дайындаған мамандар жұмыс істейді. Қала берді министрліктер, облыс, қала әкімдігінде де қызмет етіп, өзінің жан-жақты екенін көрсетіп жүрген түлектеріміз бар. Мұның барлығы – журналистиканың қазанында қайнап, содан алған тәліміміздің жемісі.

Бірақ, біз арман еткен, біз таңдап алған, біздің өмірлік кредомызға айналған осы журналистика мамандығының қазанына кей тұста блогерсымақтардың не болмаса журналистикадан хабары жоқ кейбір адамдардың шөмішін салып жатқаны қынжылтады. «Журналистиканы төрт жыл оқудың қажеті жоқ екен ғой. Оны оқымасам да әлеуметтік желінің гүлімін. Үш сөйлеммен-ақ жұртты шулатып, көптің назарына ілінемін» дейтін блогерсымақтар қаптап кетті. Мұның барлығы журналистиканың құнын төмендетеді. Киелі кәсіптің теориясын білмей, практикасында қайнамай, кеуде қағатындар қынжылтады.

 

– Қалың қауым сіздің 90-шы жылдардағы танымал әндер – «Жұбайлар жыры», «Неге, неге?», «Ризамын» сынды әндердің әуенін жазған сазгер екеніңізді жақсы біледі. Бір сұхбатыңызда тыңдармандардың ықыласына бөленген бұл әндердің хит болуының сырын алғашында-ақ дастархан басында жылы қабылданғанымен түсіндіріпсіз. Ал қоржыныңыздағы өзге әндерді «ән емес, жәй ғана шимай» дейсіз. Қоржыныңызда осындай қанша «ән емес» әндер жатыр?

– Иә, олай айтатыным рас. Ән деген не өзі? Ән – әйтеуір көмейден шыққан ыңыл, қыңқыл-сыңқылды елдің құлағына апарып жанай беру емес. Тыңдаушыны жақсы бір көңіл-күйге жетелеп, сағынышын басып, елге деген құрметін, айналасындағыларға деген ілтипатын білдіріп, құлағының құрышын қандырып, кеудедегі түрлі иірімдер толқынысын жеткізе алса, сол ән болуы керек. Қазір абырой-атақ үшін телеарнаға шығып, бір-екі клип түсіріп, жұрттың алдында пәленше деген әншімін деп қол шапалақтатып айтылатын әннің ғұмыры қысқа болады. Ол ән емес. Ән деген адам жанының азығы. Күпті көңілінің жұбанышы, асқақ жүрегінің сағынышы болуы керек. Сондықтан, қоржынымдағы туындыларды ел айтпайтын болса, ел тыңдағысы келмесе, не үшін мен ән деп айтуым керек? Ән жазғанда осындай принципті ұстанамын. Мен ғана емес, әнді құрметтейтін сазгердің бәрі осылай істейді.

Бәрін ән емес дегенім дұрыс емес те шығар. Мүмкін олар әншісін таппай жатқан болар. Әннің ақынын табу да оңай шаруа емес.

 

– Сіз өз әндеріңіз үшін ешқандай ақы алмайды екенсіз. Дегенмен де арамызда кесек талант иесіне өлмес дүние қалдырған еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсетіп жататын кең пейіл азаматтар жетерлік қой.  Сондай азаматтардың құрметіне бөлену Сізге бұйырды ма?

– Мынадай нарық заманында еңбегіңнің материалдық тұрғыдан бағаланғанын қалайтының рас. Бірақ, ондай жағдай өте сирек. Иә, саған шапалақ соғуы мүмкін. Арқаңнан қағуы мүмкін. Дастархан басында «әніңіз жақсы екен» деп мақтауы мүмкін. Ал материалдық жағынан құрмет көрсететін адамдар жоқ. Өнерпазға деген ондай құрмет өте сирек. Шымкентте Шәмші аллеясы бар екенің жақсы білесің. Қайбір жылдары сол аллеяға оңтүстік өңірінен шыққан сазгерлер мен әншілердің есімдері тасқа басылды. Сол кезде әкім-қаралардың маңайында жүрген өнерпаздар сол тізімге ілінді. Біз сияқты ауылдағы азаматтарға ондай құрмет жасалмады. Бірде-бір әнін ешкім айтпайтын адамдар сол жерде жұлдыз болып тұр.  Бүкіл халық әндерін айтатын Мұхтар Шахановтың, Исрайыл Сапарбайдың құрметіне аттары жазылған тұғыр тас қойылмады. Не үшін? Себебі, олар жағымпаз емес. Енді аттары тасқа қашалып жазылғандардың барлығын жағымпаз дегенім әбестік болар.  Арасында  құрметке лайық нағыз өнер азаматтары бар. Көріп, қуанып, марқаямыз.

 

–  Сіз күні кешеге дейін бірде бір әншіге өз әндеріңізді ұсынбағаныңызды айтып келдіңіз. Бірақ осыдан бірнеше ай бұрын отандық БАҚ-тың біріне  берген сұхбатыңызда «тәуекел түбі – жел қайық» дегенді темірқазық етіп, бір әншіге өз әніңізді ұсынғаныңызды айтыпсыз. Одан әрі не болғанын өзіңізден естісек… 

– Әншілерді қуалап жүріп ән ұсынбағаным айдан анық. Өйткені, ол әніңді ұнатпауы мүмкін. Не болмаса «мынауың кім?» деп жаман ойлауы мүмкін. Бірақ, кейде пендешілікпен «шіркін, мына бір әнім осы әншінің даусына келеді-ау» деп қиялдайсың. Бір күні сондай ойдың жетегімен сол әншінің қаладағы концертінде сахнаның сыртына барып, танысып, «Қарағым, өнерің жақсы екен. Менде  бір ән бар еді… Көресің бе?» деп айтқан сәттерім болды. Одан кейін ол «Жарайды» деп дискетімді алып қалды. Бірер күннен кейін сол сахнаның сыртындағы бет әрлеу бөлмесіне барғанымда, әлгі әншіге берген баяғы дискетімнің үстел үстінде жатқанын көрдім. Яғни, тіпті қарап, тыңдауға да уақытын қимаған. Сондай жағдайды көргеннен кейін өзіңнің төл перзентіңдей әніңді тықпалап қайтесің?

 

– Сіздің негізгі мамандығыңыз – журналист. Бойыңызда бұғып жатқан сазгерлік қырыңыздың ашылуын өзіңіз осы мамандықпен тікелей байланыстырасыз.  Жалпы, журналистика Сізге не берді?

– Журналистика шығармашылық синкреттік өнер ғой. Журналистика, актерлік өнер, музыкалық білім, жалпы, шығармашылық мамандықтар сабақтас, салалас, бірін бірі толықтырып отырады. Оқуға түскен кезде көптеген курстастарым ән жазып, өлең шығаратынын білдім. Бұл кездейсоқтық емес. Яғни, журналистикаға жәй адам келмейді. Тек өнерлі адамдар барады. Біраз курстастарым – өнерпаз жандар. Сондықтан да журналистика мен өнер егіз деп айтуға болады.

 

– Жиырма үш жылдан бері Түркістан қаласының мақтанышы – Қ.А Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика кафедрасының құрметті ұстазы болып келесіз. Білікті оқытушы ретінде профессор атағын алдыңыз. Студенттермен жұмыс істеген өте қызық екенін жүрген жеріңізде айтудан талмайсыз. Арагідік қазіргі жастардың жұмыстың қадірін жетік білмейтінін айтып та қаласыз.  Бұл жөніндегі ойыңызды ашып айтыңызшы…

– Қазір көп жастар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді. Барлығы емес, әрине. Білімі жоғары, белсенділері де жетерлік. Дегенмен қазір тамағы тоқ, көйлегі көк екеніне мәз, қолындағы қымбат смартфонына марқаятын жастар көбейіп кетті. Әлеужелінің әлегіне түсіп кеткен бе дерсің… Олардың не ойлағаны бар екені маған қызық. Не кітапханаға кірмейді, не газет оқымайды, не кітапқа көз тоқтатпайды.  Үлкенді сыйлаудан құр қалған жастарды да көріп жүрмін. Дөрекі жастарды көргенде іштей қынжыласың. Содан соң қазір түнгі уақыттарда қыз балалардың көшеде бейсауат жүретінін көп байқаймын. Сөйлеген сөздерінен, өз-өзін ұстауынан мінездерінің орашалақ болып бара жатқанын аңғарамын. Бұл дегеніміз – идеологиялық тәрбиенің ақсап жатқанының жарқын мысалы.

 

– Сіз бала кезіңізде әкеңіз алдыртып оқитын газеттерді ақтарып оқуға құмбыл болыпсыз. Ондағы мақалаларды оқып шабыттанып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мақала жазып, өз ортаңызда таныла бастадыңыз. Сол қасиетіңіз сізді журналистикаға сүйреді. Студент жылдарыңызда жазған ең алғашқы «Жұбайлар жыры» әніңіз «Лениншіл жастағы» екі шумақ өлеңді оқынан соң дүниеге келді. Жалпы, газет Сіз жеткен жетістіктің негізгі кілті болған сияқты. Қазіргі таңда газетсүйер оқырман азайып бара жатыр дегенге не айтасыз?

–  Иә, ол рас. Әсіресе, жастар газет оқымайды. Газет түгілі қазақ классиктерінің шығармаларының бетін ашпайды. Таңнан кешке дейін  смартфонның серігіне айналған. Телефоннан көз алмай тамашалап жүргенде назарға татитын дүние болса, жақ ашпас едім. Бірақ, олай емес. Ойды бұзатын, сананы ірітетін бейнелер көріп жатқанын талай рет байқағанмын. Біз жастарды кітапханаға ерікті түрде баратын жол табуымыз керек. Кітап адамды тәрбиелейді. Оны ізгілікке шақырып, тұлғалық қасиетін қалыптастырады. Театрдың берер өнегесі зор. Жастар осыған көз жеткізбесе, мына түрімізбен ұлттық тамырымыздан айырылып қаламыз.

 

– Журналистиканы меңгеруді көздеген жастар келешекте қандай  контенттің иесі болуды мақсат етеді? Келешек төртінші билік иелерінің шеберлігін шыңдап жүрген маман ретінде бұл Сізге аян деп ойлаймын. 

– Журналистика цифрлық бағытқа қарай дамуда. Ендігі контент дата журналистикаға, конвергентті журналистикаға, сандық журналистикаға бой алдырады деп ойлаймын. Ал «газет жоғалып кетеді» деген сәуегейлік – бос болжам. Газеттің өз оқырманы сақталып қалады. Газетті іздеп жүріп оқитын оқырман жоғалмайды. Дегенмен, интернет журналистика басым бағыт алатын сияқты. Өйткені, заман цифрлану үстінде.

 

– Журналистиканы таңдаған келешек мамандар үшін қандай кеңес айтасыз?

– Бір күні өзім танитын бір талапкер: «Аға, қандай мамандық таңдасам болады?» деп хабарласты. Өзінің қандай кәсіпке қызығатынын сұрағанымда ойланбастан журналистиканы айтты. Бірақ, осы кезге дейін бірде-бір мақала жазбағанын естігенімде таң қалып: «Олай болса не үшін журналист болғың келеді? Шырағым, бұл сен ойлағандай оңай кәсіп емес. Жауапкершілігі күшті, жүгі ауыр. Өмір бойы ізденісті, еңбекті талап етеді. Төзім тағы керек», — дедім. Мұны тыңдап болған соң, «Жоқ, аға, менің сіз сияқты болғым келеді» деп құбылды. Содан соң оған: «Шырағым, жұрттың бәрі мен сияқты бола алмайды ғой. Елдің бәрі Әуезов, Шаханов, Рымбаева бола алмайтыны айдан анық. Композитордың барлығы Шәмшідей бола қоймайтыны шындық. Біреу сияқты боламын деу – әурешілік. Өз ісіңнің маманы ретінде мойындалу өзіңнің жасаған еңбегіңе байланысты. Ол үшін жоғары білім мен көп еңбек керек», — дедім.  Айтпақ болған ойым не? Журналистика біреуге ұқсау үшін  таңдайтын кәсіп емес. Оның жолы ауыр. Журналистика – елге таныламын деп емес, елге көмектесу үшін қалайтын мамандық. Өзіңнің емес, халықтың, қасыңдағы жандардың қамын ойлауды міндеттейтін мамандық.

Ал енді журналистиканы таңдаған жастар оқуға түспес алдын газет-журналдарға мақала жазып, қысқа да болса хабар шығарып, өздерін шыңдап келсе екен дейміз. Себебі, біз журналистиканы бұрынғыдай әліппеден бастап үйретпейміз. Журналист болуға дайын болмаса да, хабары болса  екен. Өкінішке орай, оқуға келген жастардың көпшілігінің жазған мәтінінен стилистикалық тұрғыдан сауатсыз, емлелік қателерді көп жіберетінін байқаймыз. Үтірді қайда қою керектігін, қаратпа сөздің не екенін білмейтін, төл сөз бен төлеу сөзді енді естіп тұрған талапкерлер бар. Бұл ережелерді мектепте оқытты ғой. Бірақ, ден қойып тыңдамаған. Мұғалімдердің айтқанын жүре тыңдаған.

 

– Сөзімізді тағы да әнге қарай бұрсақ. Сіз кез келген әннің көркемдік жетекшісі халық болу керек екенін жиі айтасыз. Яғни, белгілі бір ән хит болуы үшін оны әуелі халық жылы қабылдауы керектігін алға тартасыз. Бірақ, қазіргі таңда Сіз көркемдік кеңес деп айтып отырған халықтың талғамы төмендеп кеткен жоқ па? Мысалы, «Шымкенттің қыздары зың-зың», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын», «Бізге тең келетінер жоққоооо…» деген әндердің хит болғаны осы сұрағыма негіз болатын сияқты…

– Халықтың емес, жастардың ән тыңдау талғамы осы бағытқа кетіп бара жатыр. Айтыңызшы, халық әнін тыңдап,  айтып жүрген  жас көрдіңіз бе?! Өнер факультетіне түскен талапкерлер болмаса, былай сыртта жүрген жастар халық әнін тыңдамайды да, айтпайды да. Жоғарыда жастардың неге қызығатынын дұрыс жеткізе алдым деп ойлаймын. Бұл қиын жағдай.  Бұған тосқауыл қоятын уақыт келді. Ол үшін көркемдік кеңес керек. Көркемдік кеңес жастардың қарайтын арналарына, тыңдайтын радиосына халық әндерін енгізу қажет. Таңнан кешке дейін «Гәкку», «Той Думан» арнасын қарап отыра беру үлкен мәдениетке апармайды деп ойлаймын.

 

– Алпыс жасқа толған мерейтойыңызға орай кешегі аптада шығармашылық кешіңіз өтті.  Жылы жүздесу туралы  бірер сөз айтып кетсеңіз…

– Мерейтойыма байланысты үлкен кеш өткізуді армандаған едім. Соның аясында сахнаға өзім сияқты  ел ішінде әндері белгілі, бірақ өздері белгісіз еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген композиторларды шақырып, облыстық Мәдениет басқармасымен бірге концерт өткіземін деп жоспарлағанмын. Пандемияға байланысты атаулы күнімді ондай үлкен деңгейде атап өтудің мүмкіндігі болмады. Тәртіптен асып кете алмаймыз. Сондықтан, мерейтой 20-25 адамның қатысуымен, арақашықтықты сақтай отырып, кішігірім форматта өтті. «Оңтүстік фильм» киностудиясы мен туралы 50 минуттық фильм түсіріп берді. Облыстық мәдениет басқармасы концертімді  онлайнформатта ұйымдастырды. Облыстық қоғамдық даму басқармасы осындай кеш өткізуге мүмкіндік берді. Бұл үшін мың бір жұпар рахмет білдіремін. Жан-жақтан құттықтаулар келіп жатты. Достарымнан, шәкірттерімнен. Осының барлығы менің өнеріме, әніме, шығармашылығыма жасалып жатқан құрмет деп ойлаймын.

 

– Осы шарада тұсауы кесілген «Танымал әннің тарихы» атты туындыңызға тоқталып өтсеңіз…

– Бүкіл ел шырқайтын әндер бар. Сөзінің басын бастасаң болды, қосыла, ілесе, шырқап кететін әндер көп-ақ. Бірақ, авторларын сұрасаң, ешкім білмейді. Осындай мысалдармен бір емес, бірнеше рет бетпе-бет келдім. Бір күні «Неге осылардың авторларын халық білмейді? Неге авторларын тауып айтпаймыз осы?» деген ой санамда  сайрады. Бұл туындының өмірге келуі осылай басталды… Мысалы, «Жалын кешкен, Жаным дескен, Күндер қайда қарағым?» деген әннің авторын ешкім білмейді. Оның авторы Тараз қаласында тұрады. Ол композитор емес, күйші. Іздеп тауып, сөйлестім. Ән қалай туды? Қалай жазылды? Әннің сөзін жазған ақын марқұм болып кеткен екен. Сол ақынның қиын тағдырын күйшінің аузынан естіп, қағазға түсірдім.  Одан кейін «Әттең-ай, әттең, Жүрегім жалғыз, Бәріне бірдей бөліп берер ем» деген әнді кімнің жазғанын ешкім тап басып айта алмайды. «Көше әні шығар…» деп жатқандар да болды.  Ал оның авторы Үміт Бекенова деген бастауыш сыныпқа сабақ беретін мүғалім болып шыға келді. Сосын «Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?!» деген ән бар емес пе? Сөзі Мұқағали Мақатаевтікі екенін білеміз. Ал әні ше? Іздеп жүріп оның авторын Шымкенттен тауып алдым. Жәй ғана құрылыста қара жұмыс істейтін азаматтың дүниесі болып шықты. Тағы бір атақты әннің авторын таптым. Ол қойшы екен. Осылайша 70-ке жуық танымал әндердің авторларын іздеп тауып, 70 пайызының үйіне барып, дастархандас болдым. Білгенімді, алған әсерімді қағазға түсіріп, эссе жаздым. Сөйтіп барлығының басын құрап, кітап етіп шығардым.

 

– Оқырмандарымыз үшін сиясы кеппеген туындыдағы қызықты естеліктерден бір мысал келтіре кетсеңіз.

– Жігіттік шағымызда «Анаға хат» деген танымал ән болды. Қазір де айтылады. Авторын ешкім білмейді. Әннің:

«Ақ жаулығың қолда,

Алаң болып жолға

Қарай-қарай аңсадың ба, ана!

Келеді деп ұлым,

Таппай ешбір тыным.

Күте-күте шаршадың ба, ана?» деген жолдары бар. Авторы кім екен деп біраз ойланып жүрдім. Осы Түркістанда Саз мектебінің директоры, бұрын «Гүлдер» ансамблінде солист болып ән шырқаған Досым Шерментаев деген ағаммен жолығып, өзара пікірлесіп отыратынымыз бар еді. Бір күні ол маған: «Сенің әндерің бар, жақсы білемін. Менің де әндерім бар еді», — деді. Ойымда ештеңе жоқ. Жәй ғана сыпайылықпен: «Қандай әндер?» деп сұрай салдым. Сол сол еді, әлгі мен әнінің авторын таппай жүрген «Анаға хат» деген өлеңді шырқап кеткені… «Іздегенге – сұраған» деген. Таң қалдым. Балаша қуандым. Оны эссе етіп жазып, фейсбуктегі өзімнің парақшама жарияладым. Астынан түрлі жылы пікірлер жазылып, лүпілдер басылып жатты. Өзім мәзбін. Бірақ, бір күні Моңғолиядан Маржан есімді қыз: «Бұл әнді менің әкем жазған. Міне!» — деп, кітапқа әннің мәтіні түскен суретті көрсетіп, пікір жазыпты. Кітап 1994 жылы шығарылған. Содан кейін Досым Шерментаевқа барып, болған жайды айтып бердім. Ол: «Бекжігіт, бұл – менің әнім. Төл баламды білмей жын ұрып па?» деді де, «Дәлел керек пе, айтайын. 1978 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінің 8 наурыз күнгі нөмірін тапсаң, соның бірінші бетінде ән нотасымен жарияланған. Таба аласың ба? Тапсаң, Моңғолиядағы әлгі қызға суретке түсіріп жолда. Көрейік не айтатынын», — деді. Ол газетті іздегенім бір бөлек оқиға. Әйтеуір, оның тігіндісін Кентаудағы кітапханадан тауып алдым. Шынымен де Досым аға айтқан бірінші бетте «Ана сағынышы» нотасымен, сөзімен жарияланған екен. Авторы Досым Шерментаев деп тайға таңға басылған күйі тұр.

Суретке түсіріп, жазылған жайдың жаңғырығы ретінде тағы да пост жазып, фейсбукке шығардым. Моңғолиялық қыз: «Кешіріңіздер, әкем бұл әнді жақсы көріп, көп айтатындықтан, тұрғыластары «өзі шығарған» деп, кітабына төл туындысы ретінде шығарып жіберіпті», — деп кешірім сұраған жағдайы бар.

— Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! Елдің өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырып жүрген еңбегіңізге де, шығармашылық жолыңызға да табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан:

Салтанат ИБРАГИМОВА.