Заң белінен мыжылады
Оны кім қалыпқа келтірмек?
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласы филиалының жоспарында осы аптада «Шымқаланың сәулеті, тазалығы баршаға ортақ» тақырыбында жауапты билік басшылары, құқық қорғау органдары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өткізілуі тиіс болатын.
Қала сәулетіне байланысты Партиямыз қозғағалы отырған «қызыл сызық» мәселесін қала әкімінің орынбасары Айманбетов Маулен Зарлықұлының осы сұраққа арнайы көңіл бөліп, оның заңсыз жақтарын көрсетіп, шешу жолына білек сыбанып кіріскені қала жұртшылығының көңілінен шығып отыр. Бұған дейінгі жауапты атқа мінерлер талай жылдан бері бұл күрделі мәселенің күрмеуін шеше алмай келе жатқаны қашан?
«Қызыл сызықтың» дәлізі үстінен немесе жанынан заңсыз жер бөліп беру, заң бұзушылықпен қатар халықты ажал қақпасына айдап апарумен пара-пар. Оған әртүрлі құрылыс нысандарын салуға көз жұмып қарау осы салаға жауапты болған мемлекеттік мекемелердің жақша ішіндегі рұқсатын қалай алды деген үлкен сұрақ еріксіз туындайды.
Осындай заңсыздықтарға барып отырған кейбір кіші бизнестің өкілдері, Президенттің кіші және орта бизнес құрылымдарын тексеруге үш жылға дейін мораторий жариялағанын алға тартып, қала тұрғындарының өмірін тәуекелге тігіп отырғандығын айта кету керек. Егер ол бизнес субъектілері заңды бұзбай жұмыстарын атқарып отырса, сөз жоқ. Ал, олар заңды өрескел бұзып, мемлекет басшысының бұйрығынан қалқан жасап, заңсыз әрекеттерге барса, ол дәлелденсе заң алдында жауап беру керек.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Әбдікерімұлы Бектаевтың тікелей басшылығымен жыл сайын өткізетін «Өз ағашыңды ек» акциясы бүкіл Қазақстан бойынша іске асып отырған өнегелі іс.
Партияның Шымкент қаласының филиалы осы акцияның аясында жыл сайын қаламыздың көшелеріне көптеген ағаш отырғызып келеді.
«Қызыл сызықтағы» құрылыс нысандары алынып тасталса, сол орындар қаланың құзіретті мекемелерімен бірігіп «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы экологиялық ахуалды жақсарту үшін өз үлесін қосар еді.
Сонымен қатар, бізді алаңдатып отырған тағы екі мәселе бар.
Біріншіден, қаланың көптеген көшелерінде рұқсатсыз бейберекет қолдан құйылып жасалған арнайы белгісі жоқ жол кедергілері. Қолданыста оны «лежащая полиция» деп атайды. Оның кейбір көшелерде жиілігі сондай, жиырма метр сайын салынған. Бұған тиісті орган тарапынан бақылаудың жоқтығы ма? Әлде сол көшенің тұрғындарына заң әлсіздік таныта ма деген ойда қаласың.
Екіншіден, сауда орталықтарының, базарлардың төңірегінде заңсыз ұйымдастырылған автотұрақтар мәлесі. Келген автокөліктерден қолма – қол ақша жинайтынын баршаңыз білесіздер. Олар неге мемлекеттің қарамағындағы жерге қожалық жасайды? Оның артында тұрған кімдер? Түскен қаражат қайда кетеді? Салық мекемелері оны біле ме деген жауапсыз сұрақтар көп.
Халықтың көкейінде жүрген осы түйткілді мәселелер төңірегінде жауапты атқарушы билік өкілдерінен нақты жауаптар күтеміз.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қала тұрғындарының осындай уәждемесін қанағаттандыру мақсатында, жоғарыда айтылған мәселелердің атқарушы билік тарапынан орындалуын өз бақылауында ұстайтын болады.
Қ. Б. ДОСАЛИЕВ,
«Ауыл» ХДПП Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиал
төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор.