126 МИЛЛИОН ХАЛҚЫ БАР ЖАПОНИЯҒА ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ЕКПЕ НЕГЕ КЕРЕК?

Жапония Олимпиада ойындары үшін коронавирусқа қарсы екпенің жарты миллиард немесе 521 миллион данасын сатып алуды жоспарлап отыр. Шоттың тасына салғанда бұл 126 миллион халқы бар елдің әр тұрғынына төрт дана вакцинадан келіп отыр.
Билік бұл мақсатта бірнеше келіссөздер түзген. Және мұны жан жақты елеп екшелген тәсіл деп есептейді. Себебі кейбір вакциналар клиникалық сынақтардан өтпеуі немесе бірнеше дозаны қажет етуі мүмкін екенін алға тартады.
Естеріңізге сала кетсек, төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі дода Олимпиада ойыны биыл 24-шілде мен 8-тамыз аралығында Токио қаласына өтуі тиіс болатын. Алайда төтеннен келген індет байрақты бәсекені межелі мерзімде өткізуге ырық бермеді. Наурыз айында мамандар Жазғы олимпиада ойындарының белгіленген мерзімде өткізілмеуі жапон экономикасына 7,8 трлн. иен немесе 74,2 млрд. доллар (сол кездегі курс бойынша) шығын әкелетінін болжаған еді. Және шілде айына дейін ауру тізгінделмесе Жазғы Олимпиада ойыны кейінге шегерілетінін мәлімдеген. Көп ұзамай, дәлірегі сол айдың соңында Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық паралимпиада комитеті, Токио-2020 ойындарын ұйымдастыру комитеті, сондай-ақ, Токио қаласы мен Жапония билігі Жазғы Олимпиада ойындарын келер жылға қалдыру туралы шешім қабылдаған-тын.
Енді ел үкіметі Олимпиада ойындарын келесі жылы өткізуді көздеп отыр. Олимпиаданың биыл өтуіне коронавирус пандемиясы кедергі жасады.
Жапония билигі Жазғы Олимпиада ойындарының көмегімен 2021 жылы Токиоға мыңдаған спортшы мен жанкүйер жинағысы келетінін жасырмайды. Билік сол арқылы коронавирус салдарынан орын алған шығын көлемінің орнын толтыруды мақсат етеді. Яғни туризм арқылы елдің ішкі жалпы өнімін арттыруды көздейді. Жалпы пандемия кезінде Жапонияның ІЖӨ көрсеткіші жылдағыдан 30 пайызға қысқарған.
Дегенмен де дәл қазіргі таңда Жапония Үкіметі ел тұрғындарына 140-тан астам елге саяхаттауына тыйым салып отыр.

С. ИБРАГИМОВА.