ПАРА БЕРУ ДЕРЕГІ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Елімізде пара беру дерегі дендеп тұр. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында республика бойынша парақорлыққа қатысты 877 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға көп.
Бұл туралы Ranking.kz хабарлайды.
Жеті айдың қорытындысы бойынша парақорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың ең көп дерегі Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Жыл басынан бері аталған өңірде 100 жемқорлық фактісі анықталған. Кері рейтингте үздік үштікті Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы түйіндеген. Есепті кезеңде бұл өңірлерде парақорлықтың 75 дерегі тіркелген. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан (61), Павлодар (59), Шымкент (55), Атырау (51), Түркістан (45), Жамбыл (41), Маңғыстау (41) аймақтары тұр.
Осы жылдың қаңтар айында 164 парақорлық фактісі тіркелген болса, ақпанда 153, наурызда 98, сәуірде 171, мамырда 121, маусымда 114 дерек тіркелген. Парақорлықтың ең аз тіркелуі өткен айда ғана байқалған. Ranking.kz шілде айында еліміз бойынша тіркелген парақорлық саны 56-ны құрағанын алға тартады.

Қ. ҚАЛИЕВ.