ТҮРКІСТАН МЕН ШЫМКЕНТТЕ БІРТҰТАС ТУРИСТІК БАҒЫТ ҚАЛЫПТАСАДЫ

Ендігі кезекте Түркістан облысы мен Шымкент қаласы біртұтас туристік бағыт ретінде дамиды. Мәселен, киелі кент Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне мінәжат ету туры Шымкент қаласының аумағында орналасқан атақты сопының ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне тәу етуден басталады.
Осы мақсатта Түркістан облысы мен Шымкент қаласының туризм басқармаларының басшылары Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өзара меморандумға қол қойды.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдейді.
Біртұтас туристік бағыт құру туралы екі жақты келісімнің басты мақсаты – қос аймақтың ерекшеліктері мен туристік әлеуетін пайдалана отырып, Түркістан облысы мен Шымкент қаласын болашақта түрлі бағыттағы туристерді тартудың ірі орталықтарының біріне айналдыру болып табылады.
Өз кезегінде облыстық туризм басқармасының басшысы Гульмира Ахбердиева өңірлерде туризмнің тарихи-мәдени, экологиялық, экстремалды, гастрономиялық және басқа да түрлерін дамытуға зор мүмкіндік бар екенін алға тарта отырып, «Түркістан мен Шымкентті қай жағынан алып қарасаңыз да бөліп қарауға келмейтін ортақ дүниелерге бай. Осы ретте бүгінгі екі жақты меморандум алдағы уақытта өзінің жемісін беріп, сәтті жобаларды жүзеге асыруға сеп болады деген сенім бар»,-деді. Ал Шымкент қалалық туризм басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Олжас Шынтаев меморандум аясында тиісті келісімге келіп, алдағы уақытта іске асырылатын ортақ жобалардың кестесі жасалғанын мәлімдеді.
Мамандар екіжақты меморандум бірыңғай туристік өнімді қалыптастыруға және ілгерілетуге, одан бөлек инфрақұрылымды жетілдіруге мол мүмкіндік беретінін айтуда.