КЕСЕНЕ МАҢЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ
Түркістанда туристер көп ағылатын тарихи мәдени орындар жетерлік. Соның бірі – Үкаша ата кесенесі. Түркістан қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан кесенеге ауыз су жеткізілді. Бұл мақсатта кесене басына тереңдігі 40 метр болатын артезиан құдығы қазылған.
Ол жерге баратын туристер үшін қолайлы жағдай туғызу жұмысы осымен түгесілмейді. Нысан басына Үкаша ата жөніндегі ақпарат тақтайшасы орнатылып, жол төселген. Автотұрақ салынып, келушілер үшін аялдап отыратын орындықтар қойылған. Киелі жер айналасын абаттандыру бағытындағы бұл жұмыстар демеушілер есебінен жүзеге асқан. Көріктендіру жұмысы үшін 5 млн. теңге қаржы жұмсалған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов алдағы уақытта кесене маңына сапалы жарық тартып, байланыс желісін жақсарту көзделіп отырғанын жеткізді.
Былтыр Түркістан қаласына миллионнан астам туристің табаны тиген. Соның ішінде 300 мыңнан астам зияратшы Үкаша ата кесеніне қарай бет алған. Естеріңізде болса, осы жылдың мамыр айында Үкаша ата кесенесінің маңына терең ұңғымалы құдық қазылғаны туралы ақпарат таратылған. Бұл жұмыс кесене айналасын көгалдандыру мақсатында жеке кәсіпкер Оңғарбек Беркінбаевтың демеушілігімен қолға алынған. Оған дейін кесене маңындағы ағаштар мен гүлдер шіліңгір шілдеде судан тапшылық көріп, олар арнайы су таситын тахникалар арқылы суғарылып келген.