ЖОБАЛАР ЕҢБЕК ӨНІМІН ӨСІРЕДІ
Күнгейде азық-түлік белдеуінде еңбек өнімділігін арттырып, қойманы асқа толтыратын 7 жобаға басымдық берілген. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында қолға алынған бұл жобалар бойынша тиісті жұмыстар жасалып келеді.
Мәселен, былтыр жер көлемі 1046 гектарды құрайтын «Түркістан Агро ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 733 гектар аумағына АҚШ-тың «T-L» компаниясының 18 бірлік жаңбырлатып суару машиналары орнатылды. Биыл аталған аумақтың 161 гектарына күздік бидай, 260 гектарға жоңышқа, 312 гектар жүгері өнімі егілді. Алқаптан алынған жем-шөп қорымен итальяндық технологиямен іске қосылатын тауарлы-сүт фермасы жобасын азықпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Бұдан бөлек аталған серіктестік «МТС құру» жобасы бойынша 26 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Сонымен қатар, былтыр «SPK-SAURAN» АШӨК-нің «829 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасы бойынша «Valmont Industries» компаниясымен 3 жаңбырлатып суару машиналары сатып алынды. Олар 159 гектар аумаққа орнатылды. Жоғарыда көрсетілген 829 гектарға толықтай жаңбырлатып суару технологиясын ендіру үшін тағы 12 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын 2020 жылдың қыркүйек айына дейін орнату бойынша келісім жасалған.
Ал, «Ынтымақ Агро XXI» ЖШС «782 гектар жерді жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасын іске асыратын болады. Қазіргі таңда, 462,8 гектарға 8 бірлік австриялық «Bauer» маркалы жаңбырлатқыш машиналарды сатып алуға келісім шарт жасалынды.
«KAZAGRO PROJECT» ЖШС жылына «20 мың тонна құс етін өндіру» жобасының алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на құжаттар тапсырды. Бұл жобаның алғашқы кезеңі бойынша 5 мың тонна құс етін өндіру жоспарлануда.
Ал, «400 гектарға жерге жеміс ағашын отырғызу» жобасы бойынша алғаш болып ерте пісетін алхоры жемісін отырғызу жоспарлануда. Қазіргі таңда, жеміс дақылдарын отырғызудың технологиялық картасы мен жобасы жасалынуда. Бұл жобаны «Dala Fruit.Kz» ЖШС жүзеге асыратын болады.
Азық-түлік белдеуі аясында іске асырылып жатқан бұл жобалар бойынша 500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.