Лукашенко тағы да жеңіске жетті
Беларусь орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 10 тамызда таңертең президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады.
Ресми мәлімет бойынша, Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80,23 пайызы, яғни 4 652 423 адам дауыс берген. Оның басты қарсыласы Светлана Тихановскаяға сайлаушылардың 9,9 пайызы немесе 574 312 адам дауыс берген. 6,02 пайызы кандидаттардың бәріне қарсы.
– Бұл мәлімет тағы толықтырылады, бірақ айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын, – деді ОСК төрайымы Лидия Ермошина.
ОСК мәліметінше, сайлауға сайлаушылардың 84 пайыздан астамы қатысқан.
Сайлаушылар дауысын өз бетінше есептеген оппозиция Тихановскаяның 80 пайыздан астам дауыс алғанын хабарлады. Беларусьтің түрлі қалаларынан азаматтар Телеграм, Twitter-де дауыс беру хаттамасының көшірмесін жариялаған. Ондағы сайлау учаскелерінде Тихановская көбірек дауыс жинаған.
Тихановская штабы Минскідегі кемінде 20-дан астам сайлау учаскесінде оппозиция кандидатының жеңгенін хабарлады. Шетелдегі сайлау учаскелерінде де Тихановская басымдықпен жеңген.
10 тамызға қараған түні мемлекеттік экзит-полл қазіргі президент Александр Лукашенконың 79,9 пайыз дауыс алғанын хабарлаған соң елдің түрлі қалаларында наразылық тұтанып, ел астанасы Минскіде наразылар мен арнайы жасақ қақтығысып қалған. Беларусь ақпарат құралдарының хабарлауынша, шамамен 20 мың адам көшеге шыққан. Қалаға әскери техника әкелініп, арнайы жасақ наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ, жарқылдақ граната қолданған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, автозак қағып кеткен бір адам ауруханада қайтыс болған. Наразылық акциясы кезінде шамамен 140 адам ұсталған. Беларусь тергеу комитеті «жаппай тәртіпсіздік» және «милиция өкілдеріне күш қолдану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Орталық Азия жаңалықтар қызметі.