Іскерлік қарым-қатынас әдебі қандай болуы керек?

Адам адам болып өмірге келген соң қарым-қатынас арқылы дамитыны сөзсіз. Адамдардың қарым-қатынас жасауда өзін дұрыс ұстау – әдептіліктің белгісі болып табылады. Бүгінгі заман талабы білімді, қабілетті, мәдениетті іскер мамандарды қажет етеді. Ал, іскерлік қарым-қатынастың өзіне тән ерекшеліктері, қалыптасқан нормалары мен талаптары болады. Сол талаптардың бірі — тіл мәдениеті.
Тіл — қарым-қатынас орнатудың маңызды құралы болып табылатыны баршамызға аян. Іскерлік қарым-қатынаста тіл мәдениетін сақтау – сауаттылықтың көрсеткіші. Қызмет барысында құжат дайындау, келіссөз жүргізу, келісім-шарт жасау, пікір алмасу, жиналыстар, дөңгелек үстелдер өткізу үшін іскерлік қарым-қатынас тілі маңызды рөлге ие. Сондықтан да, сауатты сөйлеп, ойды дұрыс жеткізу әрбір қызметкерге қойылатын талап десек те артық болмайды. «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек. Харкет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек.», — деп дана ақынымыз Абай Құнанбаев айтқандай ақылмен ойлап сөйлеу адамның бойында адами қасиеттер мен құндылықтардың, әдеп пен мәдениеттіліктің болғандығына байланысты. Себебі, кез-келген жерде, кез-келген адаммен қарым-қатынас орнату барысында адамның жеке басның мәдениеті мен тәрбиесі, әдептілік деңгейі көрініс береді. іскерлік қарым-қатынас орнатуда бірнеше талаптарды ұстанған жөн:
Сөзіңізді айтардан бұрын, ойыңызды жинақтап, сауатты, анық жеткізу. Сөйлесу барысында балағат, дөрекі сөздерді қолданбау, сөз тіркестері мен әдетке айналған сөздерді қолданбау, сөз саптауда барынша нақты, іске қатысты ойды дұрыс әрі анық жеткізуге тырысу.
Тіл мәдениеті даму барысында адамның бойында кішіпейілділік, сыпайылық, мейірімділік сияқты қасиеттер де дамып, әдептілік деңгейі көрініс береді. Қорыта айтқанда, әрбір қызметкер сөз байлығын игеру нәтижесінде кәсіби іскер маман ретінде ғана емес, сонымен қатар, әдепті әрі мәдениетті адам ретінде танылып, рухани құндылықтарын айқындай алады.

Б. КАМБАРОВ,
Шымкент қаласы
Төтенше жағдайлар департаменті
кадр саясаты бөлімінің бастығы,
азаматтық қорғау подполковнигі.