МАҚТААРАЛДЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен ауыл тұрғындарына баспана салу үшін мемлекет тарапынан берілетін 17 млн. теңгенің тең жартысы үлестірілген. Жуырда ауыл тұрғындары екінші транш бойынша қалған қаражаттың 25%-на құжат өткізіп, қаржы ала бастады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

Бұдан бөлек, топан судың зардабын көрген барлық отбасыға кәсіпкер Әлішер Усмановтың қоры есебінен әрбір жанұяға 425 мың теңге (1000 АҚШ долларынан) берілген. Сондай-ақ, отбасының әр мүшесі мемлекет тарапынан 100 мың теңгеден қаржылай көмек алған.

Кешегі аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кезекті рет Мақтааралға жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы Өргебас және Фирдоуси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылады. Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді. Салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Жаңа ықшам ауданда 386 үй мен бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерген. Құрылыс алаңын аралаған аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев кезекті жұмыс сапары барысында құрылысы қарқын алған жаңа желілік саябақ пен гүлзарлардың абаттандыру жұмыстарын тексерді. Демалыс аймақтарында қазіргі сәтте веложол төселініп, су ағарлар орнатылған. Айналасы жасыл желекпен көмкеріліп, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалынуда.

Мақтаарал ауданындағы су шайған Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елді мекендері үшін 70 гектар жерде жаңадан бой көтерген Мырзакенттегі жаңа мөлтекауданда 1200 орындық мектептің, 280 орындық балабақша ғимараты мен дәрігерлік амбулатория, тірек пункті нысандарының құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.