Биыл Арыс қаласында 108 отбасы баспаналы болмақ
Биыл Арыс қаласында тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған үйлер пайдалануға беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаладағы «Көктем» шағын ауданынан бой көтерген 3 тұрғын үйдің, яғни 108 пәтердің кілті баспанаға мұқтаж, үй кезегінде тұрған отбасыларға табыс етілмек.
Игі істі жүзеге асырған қала әкімдігі мен тапсырысты орындаушылар Елбасы Жолдауындағы «Жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» деген тапсырмасын басшылыққа алғандарын айтуда.
Осыған орай, Арыс қаласында көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл маусымда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 60 пәтерлі жаңа баспаналардың құрылыс алаңында болып, құрылыстың сапасына және мерзімінде аяқталуына баса мән берген еді. Осыған орай мердігерге нақты тапсырмалар жүктелген болатын.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген 3 қабатты үйлер алдағы күзде тұрғын үй кезегінде тұрған арыстықтарға тапсырылады. Жаңа көпқабатты баспаналар Көктем-2 тұрғын ауданында салынуда. Арыс қаласында биыл бұдан басқа тағы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Жаңа баспаналар келер жылы пайдалануға беріледі.