САРЫАҒАШТА СЕРПІНДІ ІСТЕР КӨП

 

Биыл Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округіндегі 11 көшенің 23,3 шақырымына, ал Қапланбек елді мекеніндегі 16 көшенің 18,8 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Құрылыс жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асады.

Бұдан бөлек, аудан орталығы Сарыағаш қаласында 3,7 шақырым көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен ауданда 9 шақырымды құрайтын 5 көше орташа жөндеуден өтеді.

Ауданды ауыз сумен қамту бойынша бүгінде «Атамекен» елді мекенінде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 210 абонент немесе 2122 тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Аумақты көгілдер отынмен қамту бағытында «Атамекен» елді мекенінде газ қуаттылығын арттыратын «Тоболино» АГТС станциясының құрылысы басталған. Станцияның өткізгіштік қуаты — сағатына 20000 текшеметр. Газ құбыры жүйесінің ұзындығы 4,73 шақырым. Биыл нысан құрылысы аяқталса бірнеше елді мекен газбен қамтылатын болады.

Бұдан бөлек, Сарыағаш қаласының «Самал» шағын ауданында 900 орынға арналған мектеп құрылысы басталған. Мердігер мекеме: «Жаңа арна 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2020 жылы құрылысы басталған мектеп 2021 жылы тамыз айында пайдалануға беріледі. Ғимараттың жалпы аумағы 8324,2 шаршы метр. Жоспар бойынша мектептің оқу блогы, спортзалы, асханасы және шеберханасы бой көтереді.

Сарыағашта емдік туризм дамыған аудан. Сұранысқа байланысты жыл сайын жаңа кешен бой көтереді. Мәселен, 2020 жылдың маусым айында құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген «Дархан» шипажайы бүгінде 100 адамды қабылдауға қауқарлы. Емдік-сауықтыру кешенінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ол жерде ем-домның 24 түрі бар. Шипажай жылына 1300-ге жуық демалушыны қабылдауды жоспарлауда. Кешенде емделудің орташа құны 12500 теңгені құрайды.

Ауданда ауыл шаруашылық саласы да алшаң басып келеді. Мәселен, ауданда «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруға 400-ге жуық шаруа қожалық ниет білдіріп, егіс көлемі 917,6 гектар болатын инновациялық жоба іске асырылуда. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша қазіргі таңда шаруалар бірінші өнімін жинап алған. Оның жалпы көлемі 36 704 тоннаны құрады. Екінші өнім егу бойынша 404 шаруашылық 921 гектар жерге егіс егу жұмыстарын аяқтап отыр.

Облыста ең үлкен қарқынды бау Сарыағаш ауданында орналасқан. Аудандағы «АгроФуд Қазақстан» серіктестігіне қарасты қарқынды бау 200 гектарға жуық. Оның ішінде 92 гектары — алма, 70 гектары — шабдалы, 22 гектары — алша, ал 13 гектары — алхоры. Бауда түгел тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Қарқынды баудан былтыр жалпы 550 тонна өнім алынса, биыл қазірге дейін 160 тонна жеміс жиналған. Жұмысын 2016 жылы бастаған серіктестікте 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусым кезінде 170 адам жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, Қазақстан бойынша жылыжай көлемінің 60 пайыздан астамы Сарыағаш ауданына тиесілі. Биыл аймақта 665 гектар жылыжайға көкөніс егіліп, қазіргі таңда жылыжайдан жалпы 64 860 тонна өнім жиналған. Халықтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ауданда биыл егіс көлемі 69 807 гектарға жеткен. Жалпы аудан бойынша егістен өнім жинау жұмыстары жалғасуда.