ТӨРТ АУДАНҒА БАҒЫТТАЛҒАН 4 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ИГЕРУ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Өткен жылдың қараша айында Шымкентке қарасты төрт ауданның әрбіріне 1 миллиард теңге бағытталатыны айтылған. Бюджеттің бұл қаржысын аудан әкімдіктері халықтың өмір сапасын жақсарту жөніндегі негізгі мәселелерге жұмсайтыны мәлімделген.
Сол қаражаттарға Шымкенттің Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында барлығы 143 аулаға балалар ойын алаңшасы орнатылып, 24 спорт алаңшасы салынып, 55 спорт алаңшасын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары, 21 аулада балалар ойын алаңшасын жөндеу мен 1500-ге жуық қоқыс контейнерлерін сатып алу межеленген.
Қыруар қаржыға атқарылған жұмыстарды оқырманға тарқатып хабардар ету үшін біз Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мырзаға хат жолдаған болатынбыз. Өз кезегінде Е. Садыр мырза Шымкент қаласының 2020-2022 жылдарға арналған бюджетін қалыптастыру барысында бюджеттік бағдарлама әкімшісінен түскен бюджеттік өтініміне сәйкес жалпы төрт ауданға 3 904,4 млн. теңге қарастырылғанын алға тарта отырып, «аталған қаржыға жоғарыдағыдағы жұмыстардан бөлек Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы 30 шақырым аяқжол төсеу (Абай ауданында -8,2, Еңбекші ауданында -15, Қаратау ауданында-6,6 шақырым) жұмыстары қолға алынғаны да айтылған.
Сонымен қатар ол, осы бағыттағы жұмыстар үшін мердігер мекемелерді анықтайтын мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізіліп жатқанын хабардар етіп, жалпы қаралған қаржының қазіргі таңда игерілу көрсеткіші 10,8 пайызды құрайтынын айтқан. Осы ретте жыл аяғына дейін бұл соманың толық игеріліп бітетіні туралы мәселе бір бөлек әңгіме екенін айта кетейік.
Өз кезегінде біздің «Аталған қаржы есебінен аудандарда атқарылған жұмыстар нақты қай шағынаудандарда жүзеге асты? Қанша спорт алаңшалары салынып, жөндеуден өткізілді? Сонымен қатар, қанша шақырым аяқжолдар төселіп, қоқыс контейнерлері сатып алынды? Мемлекет қаржысының игерілуі аудандардың нақты қай шағын аудандарында, және қандай мекенжайларында жүзеге асты? Қазіргі таңда Шымкент қаласының 4 ауданына бағытталған 4 миллиард теңге қай уақытқа дейін игерілуі қажет?» деген сан-сауалдарымыз жауапсыз қалған.
Берілген сұрақтарға жауап беруде көп мәліметтердің бүкпеленіп қалуының сыры неде?
«Уақыт.»