АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУ ЕРТЕ ЕМЕС ПЕ?
Шымкентте науқастар саны азайып, эпидахуал тұрақтала бастады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзилов баяндады.
Оның сөзінше ағымдағы жылдың 24-наурызы мен 17-шілде аралығында коронавирус ауруымен Шымкентте 4306 жағдай тіркелген. Оның ішінде 2203 науқас індеттің симптомды, 2103 науқас симптомсыз түріне шалдыққан. Жұқпалы дертті 2499 науқас жеңіп, жазылып шыққан. Кешегі, 20-шілдедегі жағдай бойынша Шымкентте КВИ жұқтырған науқастар саны 4453-ке жетіп, 2771 адам ауруынан айыққан. Қайтыс болғандар 31 адам.
Өз кезегінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жақсылық Мәуленов қолайсыз эпидахуалдың беті қайтып, жағдай тұрақталып келе жатқанын төмендегі жағдайлар арқылы тілге тиек етеді.
Қаладағы инфекциялық ауруханаларда 650 төсек-орын бар болса, қазіргі жағдай бойынша онда 366 науқас ем қабылдауда. Сонымен қатар 26 мекемеде 3000-нан астам провизорлық төсек-орын ұйымдастырылған болатын. Медициналық көмекке жүгінетін азаматтар санының азаюына байланысты жеңіл атлетика спорт кешеніндегі 360 орындық күндізгі стационар жабылды. Бұл стационарда алғашқы бірнеше күнде 500-ден 700-ге дейін тұрғын емделген. Соңғы бес күн ішінде стационарға келушілердің саны күніне 25 адамға дейін азайған. Өткен аптаның 17-шілдесіндегі жағдай бойынша қаладағы провизорлық орталықтарда 1832 науқасқа ем-дом жүргізілуде.
Басқарма өкілі ЖРВИ және пневмониямен ауыратын науқастар қаладағы 14 емхананың күндізгі бөліміне барып, дәрігерге қаралып, тегін дәрілерді ала алатынын да алға тарта келе, «Соңғы 7 күнде Үкіметтің үйлестіруімен Үндістан, Ресей мен Украина елінен әкелінген қажетті медикаменттер екі ұшақ және бес жүк көлігіне тиеліп, қаламызға жеткізілген. Олар ең алдымен қаладағы медициналық ұйымдарға, сосын дәріханаларға таратылады. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте дәрілік қор жеткілікті»,-дейді.
Коронавируспен күрес бойынша дәрігерлер көрсететін дәремет бойға тез қону үшін тиісті шаралардың барлығы қолға алынуда. Соның бірі шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу. Осы мақсатта кешегі аптаның бейсенбісінде Шымкентке Ресейден бір топ дәрігер келді. Көрші елден келген мамандармен жергілікті дәрігерлер коронавирустық инфекциямен күрес бойынша тәжірибе алмасуда. Ол дәрігерлер 3-4 топқа бөлініп, белгілі бір ауруханаға бекітілген.
Осылай деген Жақсылық Мәуленов эпидахуалдың тұрақтала түскенін қалада кәсіпкерлік нысандардың, сондай-ақ азаматтардың карантин талаптарын сақтауының оң нәтижесі екенін де тілге тиек етті.