Шу бойында да шөп дайындалып жатыр

Иә, әне-міне дегенше жаз маусымының екінші айы да басталды. Коронавирус індеті мен қаржы дағдарысының екі өкпеден қысып бара жатқаны мынау. Жалпы елімізде орын алған ахуал ауданымызды да айналып өтпеді. Адам шығыны, аурудың асқынуы, дәрі тапшылығы сынды қиындықтарды аудан жұртшылығы әбден сезінуде. Бұған өндірістердің толыққанды жұмыс істеп кете алмауын қосыңыз. Бұған дейін өндіріске арқа сүйеп келген халқымыздың шаруасы шатқаяқтап тұр. Бұл дағдарыс көп нәрсеге басқаша қарауымыз қажеттігін дәлелдеп берді. Ел бұрынғыдай емес, бардың қадірі түсініп, ысыраптан қашу керектігін ұғына бастағандай. Барды бағамдап, бос қиялға берілмеу керектігін ұққандай.

 

Бұл жағдаят әсіресе ауыл және мал шаруашылығы саласында байқалуда.

Бұқара халық ауданымыздың негізгі шаруашылығы осы екеуі екенін түйсініп, егіс егіп, мал басын көбейтуге кірісіп кеткендей. Әрине, мұны тек жақсылыққа жоруға болады. Ауданымыздың қай өңірін алып қарасаңыз да шаруалар қысқы дайындыққа кірісіп кетті.

Бұл жолғы репортажымыз ел «Жуанпариж» атап кеткен Жуантөбе ауыл әкімшілігіне қарасты шаруа қожалықтарының қыс маусымына жем- шөп дайындау жайына қатысты болмақ.

Сонымен, өткен аптаның соңында Жуантөбе ауыл әкімшілігіне хабарласып, Шу бойындағы шаруаның жайын сұрастырып едік, алған мәліметіміз мынадай болды. Елімізде орын алған жағдайға орай, қашықтан жұмыс істеп жатқан менің қоңырауыма Жуантөбе ауылы әкімінің орынбасары Асима ханым жауап берді. Асима ханымның айтуынша, Жуантөбелік шаруалар жылдағы әдеттерінше қолдарында бар төрт түлік малдың жем- шөбін дайындауға кірісіп кеткеніне бір айдан астам уақыт өткен. Барлық шаруа қожалықтарының техникалары қысқа сақадай сайланып алған. Мұнда ірі шаруа қожалықтары мен қоса шағын шаруашылықтар бар екен. Солардың ішіндегі бетке ұстары, Жуантөбеде дайындалатын жем- шөптің 60- 70 пайызына ие «Айша» шаруа қожалығы. Шаруашылықтың төрағасы Абдіуалиев Мағауия Әбдіқадірұлы деген азамат. Шаруа қожалығында Мағауия Әбдіқадірұлының өзінен бөлек ұлы және екі жұмысшысы бар. Мағауия Әбдіқадірұлы басқаратын «Айша» шаруа қожалығының меншігінде 2 тракторы, орағы мен тырмасы мен ауыл шаруашылығы техникасы бар. Кейіпкеріміз негізінен, мал азығын Шу өзені бойындағы «Жымиқы» және «Байқараның мақамы» деген жерлерден дайындайтынын ұқтық. Шулы өңірдің қай заманнан нулы келетіні бар емес пе? Биылғы жылы да Жуантөбелік ағайын малдың қысқы азығынан тарлық көрмейміз деп сендіріп отыр. Ылайым, солай болғай да. Бөліп бермесе де көршісінің тоқ отырғанына қарап, көңілі тоқ отыратын елміз ғой.

Ендеше, ел аман, жұрт тыныш болсын! Бүгінгі кейіпкеріміз Мағауия Әбдіқадірұлы секілді шарасы дөңгеленген, әл- ауқаты артқан азаматтарымыздың қатары көбейсін. Мемлекеттен өкінішке орай, ешбір қаржылай қолдау таппаса да шаруасын ілгерілетіп, ауылдастарына қол ұшын беріп жүрген осындай азаматтарымызға ең болмағанда сөз жәрдемімізді жасайық. Қандай қиыншылықтарға да қарамай ата кәсібін дөңгелетіп жүрген осындай еңбек адамдарын насихаттаудан, қолдаудан танбайық!

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.