ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ  «СОҒЫС» СОҒЫСЫМЕН, АЛ ТҮСКІ АС КЕСТЕ БОЙЫНША…

Күнгейде адамдарға арқау беретін ауыл шаруашылығы саласының халі қандай?

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы алшаң басып келеді. Өңірдің өзі де ауыл шаруашылығының дамуына қолайлы. Жері құнарлы, климаты жайлы. Сондықтан да жергілікті жердің диқан қауымы дана Абайдың «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген сөзін қағида етіп, ерте көктемнен бастап екпінді жұмыстарға кірісіп кеткені қашан…

Бірер айдан соң-ақ шаруақор шаруалар өз еңбегінің нәтижесін көруде. Оған Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының біздің басылымға ұсынған мына мәліметтері дәлел.

 

825,4 мың гектар жерге дән түсті

 

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешен саласының көп секторындағы оң көрсеткіштер жыл сайын ұлғаю үстінде. Мәселен, соңғы екі жылдың өзінде аймақта егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Нәтижесінде биыл 825,4 мың гектар жерге дән түскен. Бұл бағыттағы меже жүз пайызға орындалған.

Осы жылы гектар-гектар жерге дән себу жұмыстарын қолға алу кезінде әбден сараланған, елеп екшелген жобаға сәйкес егістікті әртараптындыру жоспары да жүйелі жүзеге асты. Соған сәйкес, дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту қолға алынды. Нәтижесінде картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 117,1 мың гектарға, майлы дақылдар 88,2 мың гектарға, масақты дақылдар 231,7 мың гектарға, мақта дақылы 127,3 мың гектарға орналастырылды. Мал азықтық дақылдарға ерекше көңіл бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 10,6 мың гектарға ұлғайып, барлығы 212,2 мың гектарға орналастырылды.

Көктемгі дала жұмыстарына 4,5 млрд.тг. несие бөлініп, 1 137 жоба мақұлданған. Сондай-ақ 37,0 мың тонна жанармай бөлініп 20,0 мың тоннасы (54%) ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне босатылған. Босату бағасы литріне шаққанда 160 теңгені құраған. Бұл нарықтан 25 теңгеге арзан.

Минералды тыңайтқыштарды үлестіру бойынша да мәселе болмаған. Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға бюджеттен 3,75 млрд. теңге бөлініп, бүгінде қыруар қаржы өз мерзімінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге төленуде.

Бүгінгі таңда облысқа өндірушілер мен сатушылар тарапынан 51,0 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, 9 700 тауарөндірушілерге босатылған.

 

Өнім жинау ойдағыдай жүруде

 

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектар жерге егілгенін жоғарыда айтып өттік. Қара күзге дейін тыным таппайтын шаруақор жұрт аман болса, ағымдағы жылы облыс бойынша масақты дақылдардан 477,4 мың тонна, дәндік жүгеріден 202,8 мың тонна, мақсарыдан 74,4 мың тонна, мақтадан 334,8 мың тонна, көкөніс, бақша, картоптан 2 млн. 760 мың тонна өнім алынбақ.

Қызу тіршіліккке білек түріп кірісіп кеткен диқан қауымның тынымсыз еңбегінің арқасында осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша облыста

1,9 мың тонна бақша, 240,0 мың тонна көкөніс, 17,2 мың тонна картоп жиналды. Одан бөлек мал азығын 4,0 млн тонна дайындау межеленіп, 640,0 мың тонна (16%) орындалды.

Сөйтіп, есепті кезең ішінде өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгені құрап, республикадағы үлесі 15%-ға жеткен. Осы көрсеткіштің өңірлер бойынша көрсеткішінде Түркістан облысы екінші орынды иемденіп отыр. Сала мамандары жыл соңында ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд.теңгеге артып, 706,0 млрд.теңгені құрайтынын алға тартуда.

 

Жаңа жобаның жемісі көп

 

Өткен жылы облыстың табиғи-климаттық жағдайы, мүмкіндігі ескеріліп, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынған. Жобаның атауы оның басты ерекшелігін айқындап, дәл көрсетіп тұр. Яғни, бір маусымда бір жерден екі-үш түрлі өнім егу арқылы, артық өнім жинап, табысты еселеу.

Соған сәйкес, былтыр 3,0 млрд теңгеге 107 жоба іске асып, 9,0 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Қосымша 364 жұмыс орны ашылды. Жобаның тиімділігі – 1 га жерден жылына 6-7 млн. теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі.

Осылайша аталған жоба тәжірибе арқылы тиімділігін көрсетті. Биыл «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» бойынша 1668 жоба анықталды. Олар облыстағы 127 ауыл округтерінен таңдалып алынған. Мыңдаған сол жобалардың негізінде 4,3 мың гектар алқапқа диқандр ерте көктемнен бастап қара күзге дейін 2-3 рет егін егіп, қыруар пайдаға батады. Қазірдің өзінде шаруалар сол 4,3 мың гектар егістік алқаптан екінші өнім алуға дайындалуда үстінде.

Қазіргі таңда «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруда облыста Сарыағаш, Түлкібас, Жетісай, Отырар, Келес аудандары көш бастауда. Бәйдібек, Төлеби мен Шардара аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар әлі де ақсап тұр. Жуырда Төлеби ауданы осы мәселеден нақты нәтиже шығаруды бастап кетті. Мәселен, аудандағы «Бірінші мамыр» ауыл округіндегі «Баймырза» шаруа қожалығы «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасының қатысушысы болуға білек түрді. Серіктестің меңгерушісі Ахледдин Заиров ерте көктемде иелігіндегі 3 гектар жердің 1 гектарына қызанақ, 0,5 гектарына қияр, 1,5 гектарына картоп және сәбіз еккен. Қазіргі таңда шаруа иесі қиярдан 4 тонна өнім алып, оны жергілікті сауда орындарына саудаға шығаруда. Жиналған қияр орны қайта өңделіп, екінші өнім ретінде күздік қиярдың дақылын егуді қолға алатын болады. Сонымен қатар ол, енді басталған картоп пен қызанақ жинау жұмыстары аяқталған соң, тағы егін егіп, тірнектегін еңбекке кіріскелі отыр.

 

Диқандар еңбегі далаға кетті ме?

 

Ағымдағы жылы облыста ерте пісетін қырыққабат дақылы 8,0 мың гектарға егіліп, одан 300,0 мың тонна өнім жинау көзделген-тін. Бірақ әлемдік пандемия ерте пісетін орамжапырақты еккен диқандардың қыруар пайдаға кенелеміз деген тәтті ойының күл-паршасын шығарды. Әлемдік пандемияға байланысты халықаралық бағыттар былай тұрсын, аудан, қалааралық бағыттар «бұғатталып» тасталды. Нәтижесінде диқандар жыл сайын көрші елдерге өткізілетін 250 мың тоннадай орамжапырақтарды өткізе алмай, аларман таппай дағдарған-тын. Сөйтіп, өнім көп сақтала қоюға көнбейтіндіктен, керектен шықпай қалмасын деп біраз диқандар оны көпшілік қауымға тегін үлестіріп кетуден басқа амалы қалмаған. Бірқатары былтырғыдай қымбат бағаға емес, 5-10 теңгеге сатып, шығын орнының бір бөлігін жабуға көшкен.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қыруар еңбекпен өсірілген қырыққабаттың пандемия салдарынан өтімсіз тауарға айналуының қалай реттелгенін былай деп баяндайды.

«Бүгінде өндірілген өнім көлемнің 222,0 мың тоннасы сатылып, 40,0 мың тоннасы агроқұрылымдар тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Қалған кеш пісетін 38 мың тонна өнім маусым айының соңына дейін жинау жоспарланған. Бүгінгі күнге баға тұрақталып өнімдер сатылуда».

Сонымен қатар аталған басқарма маңдай тері мен талай еңбегін жұмсап, қырыққабат егіп шығынға ұшыраған тауар өндірушілеріне Үкімет резервінен жылдық 0,01% пайызбен қаражат бөлу туралы қаулы қабылданғанын да мәлім ете кетеді. Соның негізінде ол шаруаларға әр гектарға 200 мың теңге несие беру жоспарланған. Төмен пайызбен беріліп отырған жеңілдікті несие агроқұрылымдардың экономикалық жағдайын қайта қалпына келтіріп, екінші рет егін егу және жинау жұмыстарын ұйымдастырып, шығындарын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ең бастысы егіннің көгі жаман болмасын…

 

Мал басы артып келеді

 

Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімі 140,0 млрд теңгені құраса, соның 22,6 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына, ал 116,3 млрд теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.

Мал шаруашылығы өнім көлемінің артуына төмендегі жұмыстар оң серпін берген. Ағымдағы жылдың төрт айында ірі қара мал басы 6,7%-ға артып,

1 229,0 мыңға, қой, ешкі 1,8%-ға артып, 5 633,0 мыңға, жылқы 8,4 %-ға артып, 378,0 мыңға, құс 8,9%-ға артып, 2065,0 мыңға жеткен.

Нәтижесінде ет өндіру 1,8 пайызға артып, 71,1 мың тоннаны құрады. Ал сүт 4,7 %-ға көбейіп, 221,1 мың тоннаны көрсетті. Жұмыртқа 12,3%-ға артып 65,2 млн. данаға жетті.

Облыс бойынша тұқымдық түрлендіруге (сыбаға) 180 301 бас ірі қара малының аналық басын тұқымдық түрлендіруге қатыстыру қажет болса, бүгінде соның 104 972 басы түрлендіруге қатысуда.

 

Еш кеткен еңбек еңсені түсірмеді

 

Естеріңізге сала кетсек, мамыр айында Өзбексан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылып, бұлқына аққан сел Мақтаарал ауданындағы бүтіндей бес ауылды әуреге салған. Төтеннен келген тасқын су «тірнектеген еңбегінің енді пайдасын көреміз деп отырған диқан қауымның еңбегін еш кетірді. Сел 994 агроқұрылымға тиесілі 5695 гектар егістік жерді зақымдады. Оның ішінде мақта — 3939,4 га, қауын-қарбыз — 801,2 га, жүгері — 74,75 га, жоңышқа 22,75 га, жеміс ағашы (шабдалы) — 4 га, қырыққабат — 2,22 га және агротехникалық шаралар атқарылған егістік жерлер — 850,64 га құраған.

Сел зардабын жою жұмыстары орындалып, ауданда жағдай тұрақтала бастаған соң заөымданған алқаптарды қайта қалпына келтіру жұмыстар қолға алынлы. Бұл үшін көршілес Өзбекстан мемлекетінен жалпы 42 ауыл шаруашылығы техникалары көмекке келді. осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша суы тартылған егістік жерлердің 3083 гектар қайта өңделіп, 3030,5 гектар аумаққа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтқанда, мақта — 2528,4 га, қауын — 146,25 га, жүгері — 13,8 га, күріш — 342,1 га. Қайта қалпына келтіру жұмыстары қайта жалғасты.

 

Дайындаған: Салтанат ИБРАГИМОВА.