ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРАШАДА АЯҚТАЛАДЫ
Биыл Шымкентте жалпы ұзындығы 414 шақырым жол орташа және күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, 7 көпір, 2 жолайырық, 1 оң жақ өткел мен 1 жерасты өткелі тағы бар. Соның ішінде 313 шақырымда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Осы бағыттағы жұмыстар үшін бюджет бүйірінен бөлінген қаржы 26,9 млрд. теңгені құрайды.
Бүгінде Шымкентте жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемелер өздеріне сеніп тапсырылған нысандарды мерзіменен бұрын тапсыруды жоспарлап отыр. Таяуда Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы нысандарда атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз турын ұйымдастырып, журналистерді бірнеше нысандардағы жөндеу жұмыстарының барысымен таныстырды. Сол кезде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов жол құрылысы жұмысына 2300-ге жуық жұмысшы және 400 техника жұмылдырылғанын, ал шаһардағы ішкі орам көше құрылысының 80 пайызы тамыз айында аяқталса, негізгі орталық көшелердің құрылысы қазан және қараша айларында толығымен пайдалануға тапсыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қазіргі таңда мегаполистегі жолдарды қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарын мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша барлығы 45 мердігер мекеме жүргізіп отыр. Бірақ олардың барлығы өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты мінсіз орындап жатыр деуге әлі ерте. Жуырда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жыл басынан бері жөндеуден өтіп, асфальт төселген жолдардың сапасының бұзылуына қатысты 61 кемшілікті анықтағаны соған дәлел.
Жалпы биыл еліміз бойынша республикалық және жергілікті маңыздағы 9,5 мың шақырым автожол жөндеуден өтеді. Бұл үшін бюджеттен 680 млрд. теңге қаралған. Бөлінген қаржының 421 млрд. теңгесі республикалық, 259 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен бағытталады.