ҚОЛДАНЫСТАҒЫ КОНТЕЙНЕР КӘДЕГЕ ЖАРАСА ЖАҢАСЫ НЕГЕ КЕРЕК?

 

Шымкенттегі Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үйлер аумағында 112 қоқыс алаңы бар. Онда барлығы 485 қоқыс салатын контейнер орналастырылған. Олардың ішінде тозығы жеткен қоқыс контейнерлерін жаңарту мақсатында қалалық бюджеттен 19 млн. 500 мың теңге қаралған. Қазынадан қаралған қаржы есебінен 150 дана контейнер сатып алынған. Осы бағыттағы жұмыстар үшін «Статус КБО бюлдинг» ЖШС мердігер мекеме ретінде анықталған.

 

Қазіргі таңда аудандағы қоқыс алаңдарындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен «Спецавтотранспорт» ЖШС-і айналысады. Аталған серіктестік жұмысшылары көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы қоқыстарды күніне 2 рет шығарады.

Бұдан бөлек, ауданда 34 елді мекен бар. Онда 1028 көше бар. Ондағы тұрғындар қоқыстарын қапшыққа салып, есік алдында қойып қоятыны белгілі. Жауапты мекеме аптасына бір рет қоқыстарды алып кетеді.

Айтпақшы, ауданда тозығы жеткен ескі контейнерлер әкімдіктің балансында болады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Есімжан Занкоев олар жөнделіп, кем-кетігі түгенделген соң, қайта қолданысқа енгізу мақсатында сақталып тұратынын алға тартты. Егерде қоқыс контейнерлері қайта қолдануға жарайтын болса, кем-кетігін реттеп, ары қарай неге қолдана бермеске? Он екіде бір нұсқасы қалмағандай олардың орнын жаңасына ауыстыру қаншалықты дұрыс?