50 МЫҢ ТЕҢГЕ КӨМЕК КЕЗЕКТІ РЕТ БЕРІЛЕДІ
«Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры есебінен тұрғындарға берілетін 50 мың теңгелік бір реттік көмек төртінші рет беріледі.
Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.
Жетекші партия ұйымдастырған 50 мың теңгелік бір реттік көмек бұған дейін Қазақстанның 23 ірі қаласында, сондай-ақ, оларға жақын орналасқан шағын қалалар мен ауылдарда тұратын 470 мыңнан астам отбасыға берілген болатын. Демеуқаржы республикалық маңыздағы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Көкшетау, Ақтөбе, Талдықорған, Атырау, Өскемен, Семей, Тараз, Орал, Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Қостанай, Рудный, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Павлодар, Петропавл өңірлерінің тұрғындарына берілген.
Ал енді төртінші рет берілгелі тұрған 50 мың теңгелік бір реттік көмек ауылда тұратын 80 мың отбасыға үлестірілмекші. Отбасылардың тізімін жергілікті жердің әкімдігі әзірлейді. Көмек алушылар тізімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде 7 санат бойынша атап айтқанда, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, бірінші топтағы мұқтаж мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, ең төменгі зейнетақы алып жүрген зейнеткерлерге (38 686 теңге), базалық зейнетақы алатындарға (16 839 тенгеден төмен), жетім балаларға (тұл жетім және асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге, Тыл еңбеккерлеріне беріледі. Бірақ аталған санаттағы азаматтар ішінде көмекке мұқтаж жандар да, және оны қажет етпейтіндер де бар. Сондықтан да ұйымдастырушылар бір реттік 50 мың теңге көмек тек мұқтаж жандарға көрсетілетінін ескертеді.
«Birgemiz» қорынан берілетін бір реттік төлемді берудің бірінші толқында көмекке 152 мыңнан астам отбасы ілінсе, екінші толқында 210 мың, ал үшінші толқында 110 мыңға жуық отбасыға жәрдем берілген. Және бірінші толқында көмек алған тұрғындарға екінші, үшінші толқында ақша қайта берілмейтіні ескертілген.
Сөз соңында «Birgemiz» қорына барлығы 28 млрд. теңгеден астам қаражат жиналғанын айта кетейік.