Шөкеев тағайындаған жаңа кадрлар сенімді ақтай ала ма?

Олар: Түлкібас ауданын қазір басқарып отырған Нұрлан Байғұт пен Бәйдібек ауданына тағайындалған ең жас әкімдер қатарындағы Ержігіт Шәріпбековтер. Ал енді «кадрлық саясаттың сыны мен сынағынан өткен Ө. Шөкеев басшылыққа кадрды тағайындар кезде қандай бағалау мен іріктеуде нендей шешімге белді бекем буды екен?» деген сауал да еріксіз туындайды. Осынау жаңа әкімдердің нендей ерекшелігіне, біліктілігіне, әрі іскерлігіне ерекше мән беріп, жаңа қызметке ұсынуы кейбір жауапсыз сауалдарға қарай еріксіз итермелейді. Нұрлан Байғұт қырықтың қырқасына көтерілген, ірілі-уақты қызметтің тізгінін ұстаған, осы тағайындауға дейін Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы қызметін атқарған. Түлкібас пен Төлеби аудандарында әкімнің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасының бастығы, облыс әкімі аппаратында екі рет бас инспектор лауазымдарын атқарған. Тәжірибе толығымен жеткілікті секілді. Бірақ кей адамдарды ойландыратыны – дербес бірінші басшылықтың, яғни аудан мен қаланың билігі тұғырына қонбаған. Ел елең ететін, ерекше бір атын шығаратын тұлға екендігіне әлі ешкімнің көзі жете қоймаған секілді.

Ал, бұрындары отыз жылдай Алғабас, соңғы ширек ғасырда Бәйдібек атанған ауданға 28 жылда 11-ші әкім болған Ержігіт Шәріпбеков әуелгі жұмысын ішкі істер органдарында қатардағы қызметкерден бастап, сегіз жылдай Сайрам ауданында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кассирі, директоры болып, соңғы жеті жылда сол ауданда әкімнің орынбасарлығын атқарған. Отыздың өріне енді ғана өрлеген жас басшылардың бірі.

Екі айдай уақыттан бері өздеріне сеніп тапсырылған әкімдік лауазымның орынтағына отырған қос әкімнің қандай жоспары, қарамағындағы кадрларды таңдауы, баянды бағыт белгілеуі, ел құлағын елең еткізетін қандай жұмыстар атқарғаны немесе атқарып жатқандығы әзірге көпшілікке мүлдем беймәлім күйде тұр.

Мүмкін оған елімізде болып жатқан карантиннің де кері әсері бар екендігі оншалықты жасырын емес. Көңілге ұялайтын тағы бір сауал бізді екінші ойдың жетегіне түсіруге себеп болды десеңіз оны да атап кеткеніміз артық болмас. Басқаруы өздеріне берілген екі ауданның тумалары болып саналатын екі жаңа кадрға сол өңірлер етене таныс емес. Олар көп жыл бойы осы өңірлерде болмағандықтан, қызмет атқармағандықтан оның ішкі өмірін, экономикалық және әлеуметік жағдайын, жылдар бойы қордаланған ең басты проблемаларын жетік білмегендіктен әзірге тыныш жанның күйін кешуде.

Сан мыңдаған халқы бар, өзіне лайық тарихи тағылымы бар бір ауданға немесе шағын қалаға басшы етіп кез келген жанды әкім етіп ұсына салуға болмайды. Олар електен әбден өткен, өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татқан, халықпен терең тіл табысатын азаматтар өңір басшысының назарына ілігетіні сөзсіз. Осы сәт санамызды сансыратып Түркістан қаласын, Ордабасы ауданын басқарып жүріп өмірден озған марқұм Әліпбек Өсербаев ойымызға қайыра оралады. Өзіне қандай міндет жүктелсін, үлкен сенім артылсын, ол оны қысқа мерзім ішінде және барынша ықтиятты етіп атқарып, өз қызметіне тыңнан түрен салып, бар іскерлігін баянды ісімен ғана дәлелдеп келген облыс аумағындағы айтулы басшылардың қатарынан көрінген азамат еді. Соңғы қызметі Ордабасы ауданының әкімі болып тағайындалғаннан кейін, аз ғана мерзім ішінде өзінің атқарған тірлігінің ірілігімен және жоғары жауапкершілігімен елдің де, басшының да көзіне бірден ілінген жан болатын. Дәл Әліпбек Өсербаев секілді білгір басшылар облыс аумағында қазір де аз емес қой. Тек таңдауға келгенде олар көзден тысқары қалып жатады. Біз әңгіме етіп отырған қос бірдей жаңа әкімнің алдында көп биіктер, үлкен міндеттер тұр. Сол үдеден көрінуге Н. Байғұт пен Е. Шәріпбековтердің қаншалықты шамасы жететіндігі, нені меңгеріп, сенімнен қай деңгейден шығатындағы әзірге жұмбақтау күйде. Ө. Шөкеев олардың шындығында да қандай тұғырдағы талғамымен әкімдік қызметке таңдады екен? Оның да бағасы берілер уақыт көп мезгілді сұрамайды. Халық пен облыс басшысы өздерінің бағасын сол сәт келген кезде бере жатыр. Соны күтелік.

Біз өзіміздің «Уақыт» газеті тарапынан екі бірдей әкімнің нені атқарғандығын, қандай игі бастаманы қолға алғандарын, одан нендей бетбұрыс жасап жатқандығы жөнінде өз зерттеуіміздің қорытындысын көпшілікке арнайы таныстырып отыратын боламыз. Сол кезде әділ баға қалың қауымға толық таныс болады.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.