«NUR OTAN» НАҒЫЗ ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ БАҒЫТЫНДА
Биыл Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауыл зардап шекті. Алғашқы күннен бастап апат орнына «Nur Otan» партиясының өкілдері де жедел жетіп, топан су салдарын жою жұмыстарына белсене кірісіп кетті. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелерді бақылауға алған болатын.
Сол сапар қорытындысына сәйкес, Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорының демеушілігімен, партияның үйлестіруімен Мырзакентте 20 үй салынып жатыр. Сонымен бірге мырзашөлдіктер егістік алқаптарын қалпына келтіру, техникаларды жанар-жағармаймен қамту мәселесін қозғаған еді. Бұл өтініш партия бақылауына алынып, бүгінде Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптары қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы ауданда шаруаларға 4160 тонна жанар-жағармай бөлінген. Ал 25 мамырда су басқан аумақтардағы егістік алқаптарын қайта өңдеп, тұқым себу үшін көршілес Өзбекстан көмек ретінде 243,6 тонна мақта шиті, 15 чизель агрегаты, 11 қопсытқыш, 14 дән сепкіш және өзге де арнайы техникаларын жіберді. «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаевтың мәлімдеуінше, диқандардың өтініші бойынша жерді қайта өңдеу, мақта егу жұмыстары жоғары деңгейде атқарылып жатыр.
Партия төрағасының бірінші орынбасары былтыр әскери қоймадағы жарылысқа байланысты Арыс тұрғындарымен кездесіп, қаланы қалпына келтіруге барынша қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Кездесуде И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелеріндегі ескі жатақхана тұрғындары жарылыстан үйлері мүлдем жарамсыз болып қалғаны жөнінде шағымданған. Бұл мәселе де партия бақылауына алынып, 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған қос ғимарат үш қабатты үйге айналып, қайтадан салынды. И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелерінде бой көтерген 33 және 24 пәтерлі екі үйдің құрылысына 600 миллионға жуық қаржы қаралды. 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмысы басталып, нәтижесінде қараша айында заман талабына сай үйлер салынды. 57 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Тұрғын үйлер дербес жылу қазандығымен қамтылған. Бүгінде аталған үйдің тұрғындары мемлекет басшылығына, құрылысты бақылауға алған партияға ризашылықтарын білдіруде.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерінің оң шешілуі – әрдайым партия назарында.
«Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты партия өкілдері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Мырзакентте «Біргеміз» қорының қолдауымен салынып жатқан 20 үйдің құрылысын партия филиалы үйлестіруде. Сондай-ақ былтыр жарылыстан кейін Арыс қаласындағы жатақхананың тұрғындары баспанасыз қалғандарын айтып шағымданған болатын. Арнайы жұмыс сапарында Бауыржан Қыдырғалиұлы бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көпқабатты үйлер талапқа сай салынды. Жалпы қандай жағдай болса да елдің қасынан табылып жүрген «Nur Otan» алдағы уақытта да Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бой-ынша жұмысын жалғастыра береді», – дейді ол.
«Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық
филиалының
баспасөз қызметі.