ӨЗ ӨМІРЛЕРІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРГЕН ӨРЕНДЕР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Шомылу маусымы басталды. Аптап ыстықта көп адамдар жағаға барып, суға күмп беруге асығатыны сөзсіз. Бірақ су айдындарында бой сергітуге барғандардың барлығы аман қайта бермейді. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан суға кетіп, көз жұматындар болады.

Жуырда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ағымдағы жылдың басынан бері су айдындарында қайтыс болудың 10 оқиғасы тіркелгенін, олардың 7-уі 2-15 жас аралығындағы балалар екенін айтып, ата-аналар назарын сақ болуға бұрған еді.

Сол дабылдың әсерінен болса керек, сәрсенбіде су айдындарындағы қауіпті аумақта шомылып жатқан екі жасөспірім шұғыл түрде құтқарылды. Оқиға былай болды.

Сәскелік уақыт. Отырар ауданындағы Төтенше жағдайлар бөліміне шұғыл қоңырау түседі. Мекемеге хабарласқан азаматтар балаларынан көз жазып қалғанын, олардың шомылуға кетуі әбден мүмкін екенін айтады. Алаң күйге түскен ата-аналардың қоңырауынан соң азаматтық қорғау капитаны Мейрамхан Кемелханов жедел іс-әрекетке көшіп, сұрастырып, іздестіру барысында 11 және 14 жастағы екі өреннің суда жүзуге тыйым салынған, құтқарушылармен күзетілмейтін аумақта шомылып, өмірлеріне қауіп төндіріп жатқанының куәсі болған. Дер кезінде құтқарылған балаларға төтеншеліктер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларына мән беруге шақырды.

Өз кезегінде сала мамандары «Әрбір адам суға шомылатын су айдындарының қауіптілігі мен оның ерекшеліктерін білуі тиіс. Себебі, бетон плиталармен немесе тастармен жабылған арналарда мүк өсіп, тайғақ болады. Мұндай арнадан шығу қиын. Тіпті жаттығып жүрген жүзушінің өзі мұндай қиындықтан шыға алмай қалады. Суға түсер алдында су айдынын тексеру керек. Шомылуға таңдалған орын құм жағасында және суға ыңғайлы түсуге мүмкіндік беретін аумақта болуы қажет», -деп ескертіп, сақтық шараларына аса ыждағат танытуға шақырады.

Былтыр облыс бойынша тілсіз жаудың кесірінен 18 адам суға кетіп, жан тәсілім болған. Қазіргі таңда облыста жалпы 147 шомылу орны бар. Оның 99 — ы әлі толық жабдықталмаған. Сондай-ақ қауіпті деп танылған учаскелер саны 249 –ға жетеді.