МЕГАПОЛИСТЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ ӘЙЕЛДЕР
Шымкентте 55 мемлекеттік органда қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің саны 2000-ға жуықтайды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің саны 676 адам, аумақтық мемлекеттік органдардағы қызметшілердің саны 1256 адамға жетеді.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін қызметкерлердің 50 пайызы немесе 965 адам әйелдер болып табылады. Олардың ішінде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 124 адамды құрайды.
Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 38 жасты құраса, орташа еңбек өтілі 9,8 жылға жеткен.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2017-2021 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарының стратегиялық бағыттары, мақсаттары және нысаналы индикаторларына сәйкес мемлекеттік қызметте таза ауысымдылық деңгейі 7,3% аспауы тиіс. Аталған стратегиялық жоспарға сай бірінші тоқсандағы мәлімет бойынша Шымкент қаласында мемлекеттік қызметшілердің таза ауысымдылық деңгейі 0,97% құрап отыр.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қала бойынша 286 мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурстар жарияланып, нәтижесінде 127 азамат мемлекеттік қызметке тағайындалған. Ішкі конкурс бойынша 39 мемлекеттік қызметкердің меритократия қағидатымен лауазымы көтерілген.