ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ ШЕШІМІН КҮТІП ОТЫРҒАН ШАРУАЛАРДЫ КӨРСЕТІП БЕРДІ
Өткен аптаның сәрсенбесінде Түркістан облысы, Төлеби ауданында тау баурайында жиналған су мен қатты нөсер салдарынан өзендер арнасынан асқан болатын. Нәтижесінде іргедегі бірқатар үйлерге су кіріп, біраз аулаларды су басқаны белгілі. Төлеби өзендерінен бұлқына аққан су Шымкент аумағында орналасан «Елтай» тұрғын алабындағы үйлерге де жеткен.
Арық-атыздарға сыймаған сел салдарынан аталған елді мекендегі 60 тұрғын үй мен 60 шаруашылық алаңының құрылысын су басқан. Келесі күні қала әкімі Мұрат Әйтенов оқыс жағдай орын алған аумаққа барып, ондағы тұрғындарға апаттан келген шығынның барлығы өтелетінін жеткізген.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен табиғи апаттың салдарын жою және алдын-алу жұмыстары бойынша жиын болып өтті. Отырыста қалалық Төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов «Елтай» тұрғын алабында тасқын судан толық жарамсыз болып қалған үйлер жоқ екенін алға тартты. Департамент басшысы бұлқына аққан су 38 тұрғын үйге зақым келтіргенін, бұл олқылық ағымды жөндеу жұмысы арқылы реттелетінін айтты. Бірер күн өткеннен соң, қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев нөсерден қатты зақымданған 5 үй қайта салынатынын айтты. Ол бұл мақсаттағы жұмыстарға қажетті қаржы «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік қорынан бөлінетінін жеткізді.
Сонымен қатар арнасынан асып аққан су 12 қора-қопсаны қирандыға айналдырған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов шаруашалық нысандары жарамсыз күйге түскенмен, оларға өтемақы төленбейтінін ашып айтты. Себебі, аталған қора-қопсылар үшін тиісті құжаттар рәсімделмеген.
Қазіргі таңда мамыр айының 13-де орын алған қатты нөсерден болған төтенше жағдай Шымкент бюджетіне қанша шығын әкелгені әлі анықталған жоқ. Қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр осы мақсатта құрылған комиссия есептеу жұмыстарын жүргізу үстінде екенін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптаның сәрсенбісінде қатты жауған жауын салдарынан Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы өзен сулары тасыған. Тасыған су аудандағы үйлердің ауласын басқан. Төлеби ауданына жақын орналасқан Шымкенттегі «Елтай» тұрғын алабындағы үйлерді де су алған.
Осы жағдайға байланысты келесі күні Шымкенттегі ақпараттық коммуникациялық орталық алаңында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов баспасөз брифингін өткізген. Жиында ол «Толассыз жауған жаңбыр мен тау баурайында аққан су өзендерді арнасынан асырып, арықтарды толтырды. Елді мекендер мен шаруашалық алаңдарды су алды. Келіп түскен судың шамадан көп болуына байланысты «Бадам» мен «Сайрамсу» өзендерінің ағысы ұлғайды. Жағалаулар мен бөгеттер шайылды. Қазіргі таңда су алған аулаларда су сору жұмыстары жүруде. Арықтарды механикалық тазалау жұмыстары ұйымдастырылуда», -деді.
Сонымен қатар ол, 14-мамырда Еңбекші ауданында «Бадам» өзенінің тасығанын, жағалаудың бұзылуынан екі шаруашылық нысан құлағанын мәлімдеді. Мамандар бұл жағдайды өзен арқылы өткен су мөлшерінің әдеттегіден 7 есе жоғары болып, секундына 146 текше метрге жеткендігімен түсіндіреді.
Жалпы осы күндердегі төтенше жағдайдың зардабын жою жұмыстарына қалалық төтенше жағдай департаментінің 33 қызметкері, 14 арнайы және 19 су айдағыш техникалы жұмылдырылған. Одан бөлек коммуналдық шаруашылық мекемелердің 46 қызметкері мен 31 дана техникасы тартылған. Сондай-ақ Ұлттық Ұланның 100 қызметкері мен 4 дана техникасы алынған.
Толассыз жауған жауын «Елтай» тұрғын алабынан бөлек, қаладағы өзге де тұрғындарды да әбігерге салған. Мәселен, 13-мамырда 112 кезекшілік қызметіне тұрғындардың үйлеріне су басқаны бойынша 28 қоңырау келіп түскен. Департамент басшысы келіп түскен қоңырау бойынша барлық үйлерде су сору жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Жыл басында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов «Сайрам, Бадам су өзендерінің қауіпті учаскелері бетондалды. Қаладағы бюджеттен өзендер мен арналарды ұстау үшін 486 млн. қаржы карастырылған. Ұзындығы 59 км болатын 29 көшеге ирригациялық лотоктар салу жоспарлануда»,- деген болатын.
Алайда кешегі болған табиғаттың тосын мінезі Шымкентте коммуналлық шаруашылық саласы бойынша біраз шаруаның шешімін күтіп отырғанын немесе шикі екенін анық көрсетіп берді.