МЫҢҒА ЖУЫҚ МАЛ ӨЛЕКСЕЛЕРІ ӨРТЕНДІ

Мақтаарал ауданында су астында қалған бес ауылдан мал өлекселерін жою жұмыстары толығымен аяқталды. Осы бағытта атқарылған жұмыс барысында барлығы 931 бас мал өлексесі судан шығарылған. Олардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан ағып келген.

Бұл туралы Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Арман Тағаев мәлімдеді.

Оның сөзінше сарқынды судан шығарылған мал өлекселерінің ішінде тек 46 бас ауыл шаруашылығы жануарлары мен 98 бас үй құстары мақтааралдық тұрғынардың иелігінде болғаны анықталған. Малы суға кеткен тұрғындарға облыстық қордан 10,6 млн. теңге өтемақы төлеу жолдары қарастырылуда.

Судан шығарылған мыңға жуық мал өлекселерінің атап айтқанда, 40 ірі қара, 876 уақ мал, 9 жылқы, 6 түйенің барлығы арнайы пеште өртеніп, жойылды. Сонымен қатар түрлі мал ауруларының таралуын алдын алу үшін 1 018,5 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылған. Бұл жұмыстарды атқаруға барлығы 39 маман мен 16 техника жұмылдырылған.