КӨМЕК КЕРУЕНІ ЖАЛҒАСУДА

Мақтаарал ауданындағы бес бірдей ауылдың су құрсауында қалуы оңай жағдай емес. Осындай сын сағаттарда салы мен малы суға кеткен ағайынға қол ұшын созып көмек көрсету, көңілдеріне демеу сыйлау сауап іс. Апат болған алғашқы күннен бастап су астында қалған бес ауылдың тұрғындарына қолдау мен көмек көрсету басталып кетті.

Бүгінге дейін Мақтааралға өзге аймақтардан жолданған көмек керуені әлі де тоқтаған жоқ. Қазағымның мұндай дархан пейілдігі қуанарлық дүние.

Осы аптада Атырау облысы Мақтаарал ауданына 12 млн.теңге көлеміндегі 20 тонна балық пен гуманитарлық көмек керуенін жолдады. Игі шара Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың ұйымдастыруымен іске асты. Мұнайлы өңір жолдаған су маржандары орталық қоймада қабылданды. Сондай-ақ, аталған өңірден келген жүк керуенін Өтеген Айнабеков бастап келді. Ол «Транссервис Ақжол» атты өз компаниясы атынан мақтааралдықтарға азық-түлік пен киім-кешектер беріліп отырғанын айтты.

Бұдан бөлек Мақтааралда болған төтенше жағдайға байланысты тұрғындарға жолданған көмек керуені Қостанай облысынан келіп жетті. Астықты өлке күнгейде күрделі ахуалды бастан өткерген аудан тұрғындарына 20 тонна ұн жолдаған.

Осы аптада Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты орталық қоймада қабылданған кезекті көмек керуені Батыс Қазақстан облысынан келді. Барлығы 20 тоннаға жететін гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлікпен қатар, 1000 дана шелек пен кір жуғыш ыдыстар, 300 дана матрас пен жылы жамылғы, антисептиктер, гигиеналық заттар мен жөргектер сынды тұрғындар сұранған заттар қамтылған. Батыстан келген гуманитарлық көмек керуеніне сол өңірдегі облыстық мәслихат депутаттары Нұрғазы Сәтбаев, Мұрат Жақсыбаев, Валерий Голоухов, Валерий Крылов және «Кублей» ЖШС ұжымы мен меценаттар атсалысқан.