ӨРГЕБАСТЫҚТАР ӨЗ ҮЙЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА КІРІСТІ
Мамырда Мақтааралда болған сел салдарынан бес ауыл су астында қалған болатын. Көп ұзамай Түркістан облысының әкімі Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары Мырзакентте жаңадан соғылатын ықшам ауданға көшірілетінін мәлімдеген.
Ал су басқан Фирдауси мен Өргебас ауылдарының тұрғындары үшін аймақ басшысы бірнеше ұсыныс айтқан. Атап айтқанда, өзге елді мекеннен жаңа мөлтекаудан соғып, тұрғындарды сол жаққа көшіру, суға кеткен үйлерді қайта қалпына келтіру және халық тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе мемлекет тарапынан өтемақы төлеу. Нәтижесінде аталған ауыл тұрғындары өзара ауыларалық жиналыс кезінде Үкімет беретін өтемақы есебінен үйлерінің құрылысын өздері жүргізу туралы шешімге келген.
Осы бағытта Фирдауси мен Өргебас ауылдарында қабырғалары шытынаған үйлер мен қора-қопсылардың материалдарын реттеу жұмыстары басталып кетті. Апта соңында тұрғындар қайта соғылатын үйлерінің іргетасын құюға кірісетін болады. Аудан әкімі Бақыт Асанов осы аптада сел салдарынан су алған бес ауылдағы үйлерді түгендеу жұмыстары жүріп жатқанын алға тартады. Арнайы жұмысшы топ жүргізген түгендеу жұмыстарынан соң нақты қанша үйдің бұзылғаны, қайта салынатыны анықталатынын айтуда.
Айтпақшы тұрғындарға қызыл су салдарынан қираған үйлердің орнына бой көтеретін баспана құрылысына төленетін өтемақы бірден емес, кезең- кезеңімен төленетін болады.